"Қарапайымдылықтың үлгісі": Қайрат Нұртас қарттар үйінде өнер көрсетті
Танымал әнші Қайрат Нұртас Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында қарттарға ерекше қуаныш сыйлады. Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбаймен бірге ол №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы барып, қарияларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz
Аталған орталықта ерекше күтімді қажет ететін 138 қарт тұрады. Мерекелік іс-шара барысында облыс әкімі қарияларға сыйлықтар табыстап, ізгі тілегін жеткізді. Ал концерттік бағдарлама кештің көркін аша түсті.
Кеш қонақтары – халық сүйіктісі Қайрат Нұртас пен әнші Наркенже Серікбаева қарияларға арнап ән шырқап, ерекше жылы атмосфера сыйлады. Өнер иелерінің қарапайымдылығы мен шынайы ықыласы көпшіліктің көңілін толқытты.
Құттықтау сөзінде Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік қолдауға ерекше мән беретінін атап өтті.
«Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға қамқорлық көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Жаңа жыл – үміт пен сенім мерекесі. Сіздерге мықты денсаулық пен жақсылыққа толы жыл тілеймін», – деді облыс әкімі.
Желі қолданушылары бұл игі бастамаға бейжай қалмай, жылы пікірлерін жаудырды.
«Бір мәз болды үлкендер», «Қандай әдемі көрініс», «Қайраттың қарапайымдылығы ұнайды», «Бүгін көрген ең жылы видео», «Қариялардың батасы күшті ғой» деп жазды оқырмандар.
Көпшілік бұл кездесуді жүрекке жеткен шынайы сәт деп бағалап, өнер адамдары мен басшылықтың осындай игі істері қоғамға үлгі екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар