"Қарыз үшін саудаланған бала": жасөспірімді 22 млн теңгеге сатпақ болған ерлі-зайыпты сотталды

24.09.2026 09:18 Мөлдір ҚАЙНАР
148
Фото: әлеуметтік желі

Өзбекстанның Қашқадария облысында 14 жастағы жасөспірімді өз анасы мен өгей әкесі 45 мың долларға (шамамен 22,5 миллион теңге) сатпақ болған жерінен ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Іс материалдарына сәйкес, әйел бұрынғы некесінен туған 2011 жылғы ұлын тәрбиелеп келген. 2019 жылы қайта тұрмыс құрып, отбасында ортақ сәби дүниеге келген соң ерлі-зайыптылар қаржылық тығырыққа тіреліп, қарызға батқан. Олар осы қарыздан құтылудың жалғыз жолы ретінде үлкен баланы сатуға шешім қабылдаған.

«Біз ақша табудың кез келген жолын іздедік. Ақыры қарыздарымызды өтеу үшін үлкен ұлымызды сатуға шешім қабылдадық. Бұл туралы таныстарыма айтып, сатып алушы іздедім», – деді сотта жауап берген келіншек.

Таныстары арқылы жасөспірімді сатып алуға келіскен адам табылып, тараптар оны 45 мың долларға саудалаған. Жоспар бойынша бастапқыда 30 мың доллар қолма-қол беріліп, қалған 15 мың доллары екі аптадан кейін төленуі тиіс болған. Алайда 2025 жылдың жазында 14 жасар баланы ертіп кездесуге келген ерлі-зайыптылар ақшаны алып жатқан сәтте ішкі істер органдарының арнайы қызметкерлері тарапынан ұсталды. Берілген қаражат алдын ала арнайы химиялық затпен өңделген болып шықты.

Сот барысында күдіктілер өз кінәларын толық мойындап, мұндай қадамға ақша тапшылығы итермелегенін алға тартты.

Бұл істегі ең ауыр әрі тосын жайт – 14 жастағы жасөспірімнің соттағы сөзі болды. Бала ата-анасының оны басқа біреуге сатқалы жатқанын әу бастан білгенін және бұған қарсылық танытпағанын жеткізді. Ол отбасының қарызға батқанын түсінетінін айтып, өзін саудаға салған анасы мен өгей әкесіне ешқандай шағымы жоқ екенін, керісінше олардың жазасын жеңілдетуді сұрап соттан өтінді.

Жасөспірімнің өтінішіне қарамастан, сот ерлі-зайыптыларды адам саудасы бабы бойынша кінәлі деп танып, олардың әрқайсысын 3 жылға бас бостандығынан айырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий