"Кенеттен денсаулығы нашарлап кетті": танымал әнші, Халық әртісі қайтыс болды
Украин эстрадасының көрнекті өкілі, әнші және композитор Степан Гига қайтыс болды. Ол қараша айында денсаулығы күрт нашарлауына байланысты ауруханаға жатқызылған еді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы ZAXID.NET басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады. Мәліметке сәйкес, халық әртісі Львов қаласындағы Бірінші медициналық бірлестіктің жансақтау бөлімінде көз жұмған. Әншінің командасы әзірге оның қайтыс болуына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Львов қалалық «Гомін» муниципалдық хоры Степан Гиганың қайтыс болғанын растады және оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
«Бүгін біз украин эстрадасының нағыз мэтрінен айырылдық – Степан Гига өмірден өтті. “Гомін” хоры үшін бұл қаза ерекше ауыр. Оның аңызға айналған “Цей сон” әні біздің шығармашылық тағдырымызда айрықша орын алды. Осы әнді орындау арқылы біз тыңдармандардың шексіз махаббаты мен қолдауын сезіндік. Маэстро, ұрпақтар мен жанрларды біріктіретін музыкаңыз үшін алғыс айтамыз. Сіздің әндеріңіз біз оларды орындап жүргенше өмір сүре береді», – делінген хор ұжымының мәлімдемесінде.
Өткен айда әншінің денсаулығы кенеттен күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілгені хабарланған болатын. Ауыр сырқат пен хирургиялық операция қажеттілігіне байланысты оның барлық жоспарланған концерттері кейінге шегерілген.
Журналистер мен блогерлердің мәліметінше, алғашқы операциядан кейін Степан Гигада күрделі асқынулар туындап, екінші рет ота жасалған. Соның салдарынан оған аяқ ампутациясы жасалғаны да айтылды. Әлеуметтік желілерде оның комада жатқаны жөнінде ақпарат тараған.
Алайда әртістің өкілдері тек оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты екенін ғана ресми түрде мәлімдеп, медициналық егжей-тегжейлерді жарияламаған.
Соңғы жаңалықтар