"Қайта хиджабқа ораламын": Айдана Меденова өзінің әлсіз болғанын айтты
Kesh You тобының бұрынғы солисі Айдана Меденова хиджабты не себепті шешкенін алғаш рет ашық айтты. Әнші бұл туралы журналист Аман Тасыған жүргізетін Talk Like бағдарламасында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Айдана Меденованың айтуынша, хиджабқа келуі өміріндегі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келген. Әкесінің ұзақ науқастан кейін дүниеден өтуі оған қатты соққы болып, сол кезде ол рухани тірек іздеп, дінге бет бұрған.
«Әкем қатты ауырып, кейін өмірден өтті. Сол кезеңде намаз маған жан тыныштығын берді. Әкемнің қазасы – хиджаб кигенімнің басты себептерінің бірі болды», – деді әнші.
Ол хиджаб кимей тұрып-ақ төрт жыл бойы тұрақты түрде намаз оқығанын атап өтті. Айтуынша, бұл шешімге ешқандай діни топ немесе сыртқы ықпал әсер етпеген. Намазды өз бетімен үйреніп, дінге қатысты ізденісті жеке бастаған. Сонымен қатар жақындарының хиджаб тағуына да, өнерден кетуіне де қарсы болғанын жасырмады.
Дінге бет бұрған кезеңде Айдана араб әліпбиін меңгеріп, бір жылдың ішінде араб тілін түсіне бастаған. Құран оқып, исламды тереңірек зерттегенін де айтты. Алайда бірнеше ай бұрын хиджабын шешу туралы шешім қабылдаған.
Әншінің сөзінше, бұған басты себеп – сахнаға, өнерге қайта оралуға деген ішкі қажеттілік.
«Өзімді шынайы әлсіз адаммын деп айта аламын. Мен өнерге әлсізбін, өнерге құмармын. Өнер маған эмоция береді. Адамда нәпсі бар, өмірде әртүрлі кезең болады. Қазіргі сәтте маған өнер қажет болып тұр», – деді ол.
Сонымен қатар Айдана Меденова намазды тоқтатпағанын, ал ішкі қайшылығы шешілгеннен кейін хиджабқа қайта оралуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Оның айтуынша, хиджабтағы өмір салты рухани тұрғыда өзіне әлдеқайда қолайлы.
«Өмірде әр кезеңде әртүрлі тірек керек болады. Бәлкім, дәл қазір менің тірегім – өнер шығар», – деп түйіндеді әнші.
Соңғы жаңалықтар