«Қаза тапқан ұшқыштар кінәлі ме»: Батыс Қазақстанда құлаған тікұшақ ісіне қатысты тың дерек шықты

14.08.2026 11:09 Әсел МҰРАТ
«Қаза тапқан ұшқыштар кінәлі ме»: Батыс Қазақстанда құлаған тікұшақ ісіне қатысты тың дерек шықты
232
Фото: ашық дереккөз

БҚО-да «Қазавиақұтқару» тікұшағы апатына қатысты іс 3,5 жылдан кейін сотқа жетті, деп хабарлайды Politico.kz.

2023 жылы Батыс Қазақстан облысында апатқа ұшырап, төрт адамның өмірін қиған МИ-8 тікұшағына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Үш жарым жылға жуық уақыттан кейін іс соттың қарауына жіберілген. Тергеу нәтижесінде қаза тапқан екі ұшқышқа да айып тағылған.

Kozachkov offside Telegram-арнасының мәліметінше, 59 жастағы Дәулетбай Қанатов пен 50 жастағы Владимир Афанасьевке Қылмыстық кодекстің 344-бабы бойынша («Көлік құралдарының қозғалысы мен пайдалану қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін») айып тағылған. Алайда екі ұшқыш та апат кезінде қаза болған.

Қайғылы оқиға туралы

Апат 2023 жылы 23 ақпанда Бәйтерек ауданына қарасты Бейбітшілік ауылының маңында болған. «Қазавиаспас» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы ауа райы күрт нашарлаған кезде апатқа ұшыраған.

Тікұшақта алты адам болған. Төрт экипаж мүшесі қаза тапса, екі жолаушы жарақатпен аман қалған.

Сол күні өңірде дауылды ескерту жарияланған. Сондықтан рейсті орындау бастапқыда тоқтатылған. Соған қарамастан, кейін экипаж ұшуға шешім қабылдап, тікұшақ әуеге көтерілген. Ұшу барысында ол қарлы боранға тап болған.

Экипаж ауа райының нашарлағанын білген

Тергеу кезінде тікұшақтағы борттық жазбадан экипаж мүшелерінің өзара сөйлесулері алынған. Әңгімеден ұшқыштардың жағдайдың қауіпті бола бастағанын байқап, рейсті әрі қарай жалғастыруға күмән келтіргені көрінеді.

Ұшқыштардың бірі ауа райының нашарлап кеткенін айтып, желдің қатты соғып тұрғанына назар аударған. Ол рейсті тоқтатып, кері қайту мәселесін көтерген.

«Көрдің бе, бәрі нашарлап барады, — деген ұшқыштардың бірі. — Бүйірден жел соғып тұр... Жел қатты. Қазір онымен сөйлесіп көрші, әрі қарай барудың қажеті жоқ шығар? Мүмкін, одан да нашарлап кетер?» - делінген жазбада.

Бұл ретте экипаждың алдында тұрған тапсырма құтқару операциясына байланысты болмаған. Тікұшақ коммерциялық мақсатта пайдаланылған.

Бортта не үшін инженерлер болған?

«Қазавиаспас» АҚ «ҚазТрансОйл» АҚ-мен магистральдық мұнай құбырларын әуеден бақылау бойынша келісімшарт жасасқан. Осы жұмысты орындау үшін тікұшақта инженерлер болған.

Мұнай құбырларын бақылау кезінде тікұшақ белгілі бір төмен биіктікте ұшуы қажет болған. Ал сол сәттегі ауа райы жағдайында мұндай биіктікте ұшу ерекше қауіпті еді. Көріну мүмкіндігінің өте нашар болуы экипаждың жер бедерін және кедергілерді дер кезінде анықтауын қиындатқан.

Тергеу нені анықтады?

Авиациялық тергеу материалдарына сәйкес, апатқа экипаждың ұшу кезінде қабылдаған шешімі әсер еткен.

Тергеушілердің нұсқасы бойынша, көріну деңгейі күрт төмендеген кезде ұшқыштар қауіпсіз биіктікке көтерілудің орнына бұрылуға әрекет жасаған. Сонымен қатар тергеу барысында ұшу кезінде жерге жақындауды алдын ала ескерту жүйесі (TAWS) өшірілген болуы мүмкін деген болжам жасалды.

Нәтижесінде апаттың негізгі себебі ретінде адам факторы көрсетілген.

Қаза тапқан ұшқыштардың өздеріне қайтыс болғаннан кейін айып тағылуы бұл іске қатысты қоғамдағы пікірталасты күшейтті. Енді қылмыстық іс сотта қаралып, экипаждың әрекетіне және апаттың барлық мән-жайына құқықтық баға берілуі тиіс.

Войдите, чтобы оставить комментарий