Қазақмыс 2,5 мыңнан астам балаға мектепке жиналуға көмектесті
«Қазақмыс Корпорациясы» республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 2,5 мыңнан астам оқушыға қолдау көрсетті, деп хабарлайды Politico.kz.
Компания бұл шараға 2026–2027 оқу жылы үшін 66,5 млн теңге бөлді. Көмек аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына берілді. Сондай-ақ қолдауға жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар ие болды.
Бұл бастама компания қызмет ететін төрт өңірді қамтыды. Олардың қатарында Ұлытау, Қарағанды, Абай және Жамбыл облыстары бар. Қарағанды облысында 1 051 оқушыға көмек көрсетілді. Ал Ұлытау облысында бұл қолдауды 912 оқушы алды. Жамбыл облысында 513 балаға, ал Абай облысында 42 оқушыға қажетті құралдар үлестірілді.
Әрбір оқушыға жаңа оқу жылына арналған арнайы жиынтық табысталды. Бұл жиынтыққа сапалы мектеп сөмкесі мен негізгі оқу-жазу құралдары кірді.
«Қазақмыс» бұл қайырымдылық шарасына жыл сайын қатысып келеді. Бұл қадам өңірлердегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты болып табылады. Балалар мен отбасыларға көмек көрсету корпорацияның әлеуметтік жауапкершілік саласындағы тұрақты бастамаларының қатарына кіреді.
Соңғы жаңалықтар