Қазақмыс алтын қорын көбейту үшін «Абыз» кенішінің терең қабаттарын зерттеп жатыр

14.08.2026 14:56 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс алтын қорын көбейту үшін «Абыз» кенішінің терең қабаттарын зерттеп жатыр
71
Фото: KAZAKHMYS

Қарағанды облысындағы «Абыз» алтын-полиметалл кен орнының терең қабаттарында жаңа шикізат қорларын іздеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл кен орны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС құрамындағы «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалына тиесілі. Ол 2005 жылдан бері игеріліп келеді. Геологиялық барлау бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 5 100 метр болатын алты ұңғыма бұрғыланады. Мамандар осы арқылы бұрын анықталған геофизикалық және геохимиялық аномалияларды тексереді.

Бүгінгі таңда 1 400 қума метрден астам аумақ зерттеліп үлгерді. Бұрғылау кезінде алынған кернге кешенді геологиялық зерттеу жүргізіледі. Бұл жұмыстың нәтижесі кен орнының терең қабатындағы үшөлшемді геологиялық моделін нақтылауға мүмкіндік береді. Оған қоса болашағы бар учаскелер анықталып, минералдық-шикізат қорын ұлғайту әлеуеті бағаланады.

Минералдық-шикізат қорын дамыту – «Қазақмыс» тобының басты стратегиялық бағыттарының бірі. Кәсіпорын 2026 жылы геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру көлемін арттырды. Сондықтан компания өзіне қарасты өңірлердегі бұрғылау жұмыстарын жиілетіп жатыр. Ондағы мақсат қолданыстағы кен орындарын зерттеумен қатар жаңа кен денелерін табу болып табылады.

Жалпы «Абыз» кен орнындағы бұл зерттеулердің қорытындысы оның ресурстық әлеуетін толық бағалауға негіз болады. Осыдан кейін кенішті одан әрі дамытудың нақты бағыттары бойынша тиісті шешім қабылданады.

Войдите, чтобы оставить комментарий