Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 4,5 млрд долларға жетті: Тоқаев Берлинде кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазақстан Президенті шақыру үшін Германияның Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге ризашылығын білдіріп, жоғары деңгейдегі тығыз байланыстар екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын айғақтайтынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Германия — Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктесі.
2025 жылы екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 4,5 миллиард долларға жетті. Оң динамика биыл да сақталуда: 2026 жылдың алғашқы 7 айында өзара сауда көлемі 2,6 миллиард доллардан асты.
Соңғы 20 жылда Германиядан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестиция көлемі 8 миллиард долларды құрады. Бүгінде елімізде неміс капиталының қатысуымен 1400-ден астам компания тіркелген.
Келіссөзде CLAAS Group, Rhenus Logistics, Siemens Energy, Linde сияқты Германияның жетекші компанияларымен жемісті ынтымақтастық мысал ретінде аталды.
Келіссөздер аясында тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелеріне де ерекше назар аударды. Мемлекет басшылары жоғары білім, медицина және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ниетті екендіктерін растады.
Соңғы жаңалықтар