Өзбекстанда уланған балалардың бәрі елге оралды

Өзбекстанда уланған балалардың бәрі елге оралды
Фото: ҚР-ның Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі

Ташкентке футбол ойнауға барып, ауруханаға түскен қарағандылық балалардың барлығы Қазақстанға оралды. Жас спортшылар емделіп, ауруханадан шығарылған, деп хабарлайды Politico.kz Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігіне сілтемемен.

Қарағанды облысынан барған жас футболшылар Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық турниріне қатысқан. Алайда жарыс кезінде балалар жаппай уланып, ауруханаға түскен болатын.

Қазақстан елшілігінің мәліметінше, балаларға Өзбекстан мен Қазақстанның денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп көмек көрсеткен. Дәрігерлер қажетті ем жүргізіп, жас футболшылардың елге аман-есен оралуына жағдай жасаған.

Оқиға болған алғашқы күндерден бастап Қазақстан елшілігінің қызметкерлері зардап шеккен балалардың ата-аналарымен байланыста болған. Сондай-ақ екі елдің ауруханалары және тиісті мекемелерімен бірлесіп, қажетті көмек ұйымдастырған.

Жас спортшылардың ата-аналары Қазақстан елшілігіне, Ташкент қаласының әкімдігіне, денсаулық сақтау басқармасына және дәрігерлерге алғыс білдірген.

Елшілік те балаларды емдеген Ташкенттегі №5 қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, жас футболшылардың жаппай улануынан кейін Өзбекстанның Бас прокуратурасы санитариялық талаптардың бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу