"Қазақмыс" бірінші тоқсанды табысты аяқтады

22.04.2026 10:11 Арман Ермеков
79
«Қазақмыс» 2026 жылдың бірінші тоқсанын қорытындылады. Фото: KAZAKHMYS

"Қазақмыс" корпорациясы биылғы жылдың алғашқы тоқсанын қорытындылап, компаниядағы өндірістік, әлеуметтік және қауіпсіздік саласындағы оң өзгерістерді жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа басшылықтың қатысуымен өткен жиында өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек жағдайы мен ұжым алдындағы міндеттемелер талқыланды. Компанияда басқару жүйесі жаңарған соң, өндіріс орындарында бақылау күшейіп, жұмысшылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Соның нәтижесінде жыл басынан бері корпорацияда өліммен аяқталған бірде-бір жағдай тіркелмепті, ал қызметкерлер арасында жарақат алу көрсеткіші 41 пайызға төмендеген.

Бұдан бөлек басшылық тек қағаз жүзіндегі есеппен шектелмей, жұмыс орындарын 950 рет аралап шыққан. Олар шахтерлердің санитарлық-тұрмыстық жағдайын жақсартуға 3,8 млрд теңге бөлсе, әлеуметтік бағдарлама аясында 13 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстады. Жыл соңына дейін тағы 173 қызметкерді баспанамен қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ жұмысшыларға уәде етілген тоқсандық сыйақы мен табысты индекстеу бойынша барлық төлемдер уақытылы берілген.

Техникалық қиындықтарға қарамастан, компания өндіріс жоспарын асыра орындаған. Бірінші тоқсанда өндірілген кендегі мыс құрамы бойынша 68,6 мың тонна, концентраттағы мыс – 62,5 мың тонна, ал катодты мыс өндірісі 96,6 мың тоннаға жетті. Бұл нәтижелерге қол жеткізу үшін басшылық ескірген 30 жерасты техникасын ауыстыруға шешім қабылдап, инвестиция көлемін 245 млн доллардан асырған. Сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарының арқасында мыс қоры 132,2 мың тоннаға көбейген.

«Қазақмыс» тек өндіріспен шектелмей, өздері жұмыс істейтін өңірлердің дамуына да үлес қосуда. Компания Ұлытау, Абай, Қарағанды облыстары мен Шу ауданының әкімдіктерімен меморандумға қол қойып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға 44,6 млрд теңге қаражат бөлуді жоспарлап отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий