“Әжесінен алты ай бұрын алып кеткен”: Бес жасар баланың өліміне қатысты тың деректер шықты
Қостанай облысының Құсмұрын ауылында бес жастағы баланың өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, баланың өліміне әкесінің күш қолдануы себеп болуы мүмкін. Күдікті қамауға алынды.
Қайғылы оқиға туралы КТК арнасы хабарлады. Оқиға орнына шақырылған жедел жәрдем қызметкерлері баланың қайтыс болғанын анықтаған. Бастапқыда оның өлімі жазатайым жағдай болуы мүмкін деген болжам қарастырылған. Алайда мәйітті тексеру барысында баланың басы мен денесінен ауыр жарақаттар анықталған. Осыдан кейін оқиғаға қатысты қылмыстық тергеу басталды.
Қостанай облысы прокурорының көмекшісі Нұрсұлу Пряхинаның айтуынша, күдіктінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі бойынша сараланған. Сот оның қамауда ұсталуы туралы шешім шығарған.
Белгілі болғандай, бала соңғы алты айда әкесі мен өгей анасының қолында тұрған. Олардың отбасында өзге де балалар тәрбиеленеді. Бұған дейін бес жасар бала Астанада әжесімен бірге тұрған. Ал туған анасы ата-ана құқығынан айырылған.
Әжесі бастапқыда немересін әкесіне беруге қарсы болған. Алайда ер адам баланы өзімен бірге алып кеткен.
Қостанай облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенованың мәліметінше, отбасы бұған дейін көпбалалы әрі жағдайы жақсы отбасы ретінде есептелген. Сондықтан арнайы тексеру жүргізуге негіз болмаған.
Қазір құқық қорғау органдары мен қорғаншылық қызметтері қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Соңғы жаңалықтар