«Ұнамаса, шығып кет»: Астанада мектептегі жанжалдан мұғалімге жедел жәрдем шақырылды

 «Ұнамаса, шығып кет»: Астанада мектептегі жанжалдан мұғалімге жедел жәрдем шақырылды
Фото: Politico.kz

Астанадағы №99 мектепте мұғалімдер арасында жанжал шыққаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған шағымға сәйкес, әдістемелік бірлестік жетекшісінің дөрекі ескертуінен кейін мұғалімдердің бірі өзін жайсыз сезініп, мектепке жедел жәрдем шақырылған. Бұл жағдайға қатысты қалалық Білім басқармасы түсініктеме берді.

Instagram желісіндегі zhaloby__astana парақшасында жарияланған жазба авторының айтуынша, оқиға бастауыш сынып мұғалімдерінің қатысуымен өткен әдістемелік бірлестік отырысында болған. Шағымда бірлестік жетекшісі әріптестерінің көзінше мұғалімдердің біріне дауыс көтеріп, дөрекі сөйлегені айтылады.

Жазба авторының сөзінше, педагогке «Ұнамаса, шығып кетуіңізге болады» деген мазмұнда ескерту жасалған. Осыдан кейін мұғалімнің денсаулығы нашарлап, мектепке жедел жәрдем шақырылған. Әйел медициналық мекемеге жеткізілгені де айтылды.

Осы жағдайдан кейін шағым авторы Астана қаласының Білім басқармасынан оқиғаға объективті баға беріп, мектеп қызметкерлерінің әрекетін тексеруді сұраған.

Ал қалалық Білім басқармасы оқиғаның мән-жайына қатысты басқа түсініктеме ұсынды. Ведомствоның мәліметінше, мектепте бастауыш сынып мұғалімдерінің қатысуымен әдістемелік кеңес өтіп, онда білім сапасы мәселелері талқыланған. Сонымен қатар педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетілген.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, отырыс кезінде мұғалімдердің бірі өзін жайсыз сезінетінін айтқан. Осыған байланысты әдістемелік бірлестік жетекшісі оған бөлмеден шығып, демалуды ұсынған.

Қазіргі уақытта Білім басқармасы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Ал Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы әйелді дәрігерлер тексергенін хабарлады. Мамандар оны ауруханаға жатқызуға негіз таппаған. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін әйел амбулаториялық ем қабылдауға жіберілген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу