Қазақмыс Қарағандыда еліміздегі ең терең шахтаны сала бастады

05.08.2026 15:18 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс Қарағандыда еліміздегі ең терең шахтаны сала бастады
75
Фото: KAZAKHMYS

Қарағанды облысындағы «Нұрқазған» кен орнында жобалық тереңдігі 1283,9 метрге жететін Қазақстандағы ең терең шахта оқпанының құрылысы басталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Құны 32,5 млрд теңгеден асатын бұл ауқымды инвестициялық жоба кәсіпорынның Шығыс учаскесін дамытуға бағытталған. Жаңа нысан өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, кеніштің алдағы ондаған жыл бойы тұрақты жұмыс істеуіне жол ашады.

«Ауа жеткізуші-клет-2» деп аталатын жаңа шахта оқпаны жерасты қазбасын таза ауамен қамтамасыз етіп, жұмысшылар мен техниканы қауіпсіз жеткізуге арналған. Құрылыс барысында мамандар 65 мың текше метрден астам тау жынысын қазып шығарып, шахтаның қазіргі деңгейжиектерімен тоғыз түйісу құрылысын салмақ. Жоспарға сәйкес оқпанды үңгілеу жұмыстары 2031 жылы толық аяқталып, одан кейін нысанды заманауи технологиялармен жабдықтау кезеңі басталады. Бұл ретте көтергіш құрылғылар монтаждалып, жерасты ауасын жылытатын арнайы қазандықтар орнатылады.

Сонымен қатар алдағы уақытта ауа ағынын сыртқа шығаратын және резервтік жол қызметін атқаратын «Желдеткіш-2» нысанының құрылысы жоспарланған. Екі оқпан бірлесе отырып кен орнының Шығыс учаскесін тиімді әрі қауіпсіз игеруге қажетті толыққанды инфрақұрылымды қалыптастырады. Мыс, алтын және күміс қорлары шоғырланған «Нұрқазған» кен орны тау-кен байыту кешенінің 40 жылдан астам уақыт тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Жаңа нысанның құрылысын бастау рәсіміне компания басшылығы мен еңбек ұжымы қатысып, іске қосу батырмасын басу арқылы ресми түрде жұмысқа кірісті.

«Бүгін біз «Нұрқазған» кенішінің алдағы бірнеше онжылдықтағы дамуын айқындайтын жобаны бастағалы тұрмыз. Бұл – адамдардың қауіпсіздігіне, өндірісті дамытуға және компанияның шикізаттық базасын нығайтуға бағытталған инвестиция. Жаңа шахта оқпаны кен орнының Шығыс учаскесін игеруге, кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және оның одан әрі дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Войдите, чтобы оставить комментарий