Қазақмыс қауіпсіздік пен өндірістегі өзгерістер ауқымын кеңейтуде
Жезқазған қаласында «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы еңбек ұжымдарымен арнайы кездесіп, биылғы қаңтар мен сәуір айлары аралығындағы жұмыс қорытындысын жариялады, – деп хабарлайды Politico.kz.
Басқарма басшысы Руслан Өскенәлі мен Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысқан жұмыс жиынында кәсіпорынның негізгі басымдықтары мен алдағы жоспарлары талқыланды.
Төрт айдың қорытындысы бойынша еңбекті қорғау саласындағы басты нәтиже ретінде компания қызметкерлері арасында өліммен аяқталған бірде-бір жазатайым оқиғаның тіркелмеуі аталды. Өндіріс орындарында жүздеген тексеріс жүргізіліп, жаңадан келген мамандарға арналған Q-start кіріспе оқыту бағдарламасы іске қосылуының арқасында жарақаттану деңгейі 35 пайызға төмендеп, қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынған.
Бұған қоса кәсіпорын шикізат қорын дамытуға бағытталған геологиялық барлау жұмысының қарқынын екі есеге арттырып, бұл салаға құйылатын инвестиция көлемін айтарлықтай ұлғайтты. Егер бұрын бұрғылау жұмысы жылына 63 000 метрді құраса, биыл тек Жезқазған бағытының өзінде бұл көрсеткіш 62 400 метрге жеткен, ал төрт ай ішінде бес негізгі кәсіпорында жұмыс істейтін 7 бұрғылау қондырғысының күшімен 20 000 метрден астам аумақ зерттелді.
Сондай-ақ биыл Балқаш мыс балқыту зауытында күкірт қышқылы цехының негізгі жабдығы ауыстырылып, ПВ-1 пешін жөндеу мерзімі қысқарды, ал Жомарт, Жыланды және Нұрқазған кеніштеріндегі құрал-жабдықтар жаппай жаңартылуда. Осындай ауқымды жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде корпорация концентрат пен катодты мыс өндіру жоспарын асыра орындады, сонымен бірге жекелеген бөлімшелердегі еңбек өнімділігі соңғы жылдардағы ең жоғары шегіне жеткен.
Өндірістік көрсеткіштерден бөлек жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту ісі де назардан тыс қалмады. Компания қызметкерлерді тасымалдау үшін 90 жаңа автобус сатып алып, демалыс бөлмелері мен медициналық пункттерді заманауи құрылғылармен толықтай жабдықтады, бұдан бөлек жұмысшыларға қызметтік пәтерлер беріліп, олардың балаларының жазғы демалысы мен шипажайларда емделуіне жан-жақты жағдай жасалуда.
Кездесуді қорытындылай келе, Руслан Өскенәлі компания қауіпсіздікті арттыру, өндірісті жаңғырту және еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және еңбек ұжымы алдындағы барлық міндеттемелерді орындау ерекше назарда екенін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар