"Қазақмыс" Сәтбаев қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға қаржы бөледі

28.06.2026 12:55 Абзал БАХЫТЖАНОВ
73
Фото: KAZAKHMYS

Ұлытау облысын дамыту бағдарламасы аясында "Қазақмыс" корпорациясы Сәтбаев қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірқатар ірі жобаларды қаржыландырып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен шаһар әкімі Мұрат Бөрібаев бірлесіп, компания демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан құрылыс алаңдарын аралады.

Жұмыс сапары кезінде жауапты тұлғалар нысандардың сапасына, бекітілген мерзімде тапсырылуына және жұмыс барысына ерекше назар аударды.

Бұл ғимараттардың кәсіпорын жұмысшылары мен жалпы қала тұрғындары үшін маңызы зор екені атап өтілді.

Қаржыландырылатын негізгі жобалардың қатарында қала үшін тарихи маңызы бар Кенші даңқы алаңын қайта жаңғырту жұмыстары бар.

Бұл аумақты толықтай абаттандырып, тұрғындар үшін заманауи мәдени әрі қоғамдық орталыққа айналдыру көзделген. Мұнда әртүрлі жастағы адамдарға арналған функционалды аймақтар, атап айтқанда балалар ойын кешендері, спорттық воркаут алаңдары, субұрқақтар мен жаяу жүргіншілер жолақтары салынады. Оған қоса шағын сәулет пішіндерін орнату және аумақты көгалдандыру шаралары жүргізіледі. Жоба қалалық ортаны жайлы етуге бағытталған.

Бұл құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың 3 тоқсанына белгіленген.

Делегация мүшелері сондай-ақ қалалық аурухананы жаңғырту және жаңа заманауи травматологиялық пункт салу жұмыстарының барысымен де танысты.

Аталған медициналық нысан тұрғындарға жедел көмек көрсету сапасын жақсартып, жергілікті денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда қажетті ұйымдастыру рәсімдері аяқталып, құрылыс бекітілген кестеге сай жалғасып жатыр. Аурухана жобасы 2026 жылдың соңында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сапар қорытындысы бойынша Руслан Өскенәлі мен Мұрат Бөрібаев әлеуметтік маңызы бар бұл жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы корпорация басшылығы мен қала әкімдігінің тұрақты қадағалауында болатынын жеткізді.

Войдите, чтобы оставить комментарий