Қазақмыс шахталардағы апаттың алдын алатын австралиялық жүйені сынап жатыр

14.07.2026 11:01 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс шахталардағы апаттың алдын алатын австралиялық жүйені сынап жатыр
73
Фото: KAZAKHMYS

Қазақмыс корпорациясы кеншілер мен техниканың қауіпсіздігін күшейту мақсатында австралиялық Geobotica компаниясының бірегей бақылау жүйесін өндірістік сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

NanoRadar деп аталатын технологияның басты міндеті – қазба жұмыстарының тұрақтылығын нақты уақыт режимінде қадағалау. Бұл құрылғы бұған дейін Австралия, Канада, Үндістан, Индонезия және Малайзия елдеріндегі ірі өндіріс орындарында тиімділігін дәлелдеген.

Жарықшақтарды картаға түсіретін дәстүрлі лазерлік сканерлеу жүйесінен айырмашылығы, жаңа технология қауіпті аймақтарды үзіліссіз бақылауға арналған. Құрылғы әр 2 минут сайын қазбаның төбесі мен түйісу аймақтарына радиожиілік сигналын жіберіп отырады. Ол беткі қабаттағы 0,1 мм-ге дейінгі өте ұсақ өзгерістерді дәл тіркеп, қауіпсіз жасыл аймақтан қауіпті қызыл аймаққа дейінгі деформациялардың цифрлық жылу картасын жасайды.

Жүйе 2 негізгі режимде жұмыс істейді. Сыни мониторинг кезінде барлық дерек оператордың планшеті мен ноутбугіне бірден шығып тұрады. Егер тау жынысының опырылу қаупі туындап, деформация күрт өссе, радар кеншілерді шұғыл шығару үшін кіріктірілген жарық және дыбыс дабылын іске қосады. Ал деректі талдау режимінде құрылғы ұзақ мерзімді статистиканы жинау үшін әртүрлі нүктелерді кезекпен сканерлейді. Мамандар осының негізінде қауіпті аймақтарды анықтап, анкерлік бекітпенің қаншалықты мықты екенін бағалайды. Бұл қажет болған жағдайда қосымша тіреуіштерді дәл қай жерге орнату керектігін айқындауға мүмкіндік береді.

Ықшам әрі тасымалдауға жеңіл Geobotica NanoRadar жерасты шахталарының күрделі жағдайларына арнайы бейімделген. Құрылғы жоғары деңгейдегі шаң мен ылғалға төзімді IP67 қорғаныс жүйесімен жабдықталған. Оптикалық жүйелерден айырмашылығы, мұның элементтерін тазалап отырудың қажеті жоқ. Радар өз аккумуляторымен 1 ауысым бойы толық жұмыс істейді, ал сыртқы батареяға қосылса, 2 аптаға дейін үзіліссіз ақпарат жинай алады.

Жүйе әмбебап болғандықтан, радарды тек 40 метрге дейінгі жерасты тау-кен қазбасынан бөлек, 120 метрге дейінгі қашықтықтағы карьер ернеулерін, үйінділер мен бөгеттерді бақылау үшін де қайта баптауға болады.

Войдите, чтобы оставить комментарий