«Қазақмыс» Шатыркөл–Жайсаң кластеріндегі кәсіпорындарды тікелей басқаруға алады

10.03.2026 14:26 Арман Ермеков
«Қазақмыс» Шатыркөл–Жайсаң кластеріндегі кәсіпорындарды тікелей басқаруға алады
18
фото: Қазақмыс

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жамбыл облысындағы Шатыркөл–Жайсаң өндірістік кластеріне жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол «Жайсаң» және «Шатыркөл» кеніштерінің өндірістік қызметімен танысып, Шатыркөл байыту фабрикасын аралады. Сондай-ақ вахталық кенттегі жұмысшылардың тұрмыс жағдайын қарап, тамақтандырудың ұйымдастырылу барысын тексерді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазіргі уақытта Шатыркөл–Жайсаң кластерінің құрамына «Шатыркөл» кеніші мен Шатыркөл байыту фабрикасы кіреді. Бұл нысандар өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған маңызды өндірістік объектілердің қатарына жатады.

Жұмыс сапары аясында Шатыркөл байыту фабрикасының алдағы жұмысы ерекше назарға алынды. Мердігер ұйыммен жасалған келісімшарттың аяқталуына байланысты енді кәсіпорынды басқару тікелей «Қазақмыс» корпорациясының құзырына өтеді.

Компания фабрикадағы жабдықтарды пайдалану және өндірістік қызметті қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді өз штатына қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Жұмысқа қабылдау барысында қызметкерлердің еңбек жағдайлары төмендетілмейді. Атап айтқанда, жалақы мөлшері, өтемақы мен ынталандыру төлемдері, вахталық жұмыс кестесі, тұрмыстық жағдай мен тамақтану тәртібі, сондай-ақ еңбек заңнамасы мен еңбек шарттарында көзделген барлық әлеуметтік кепілдіктер толық сақталады.

«Шатыркөл фабрикасында еңбек етіп жүрген тәжірибелі мамандар ұжымын сақтау біз үшін аса маңызды. Бұл қызметкерлер кәсіпорынның тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті кәсіби білім мен тәжірибеге ие. Біз оларды бұрынғы еңбек жағдайларын, жалақы деңгейін және әлеуметтік кепілдіктерін сақтай отырып, компания штатына қабылдауға дайынбыз. Басты міндетіміз – өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті сақтау және Шатыркөл–Жайсаң кластерінің тұрақты дамуын жалғастыру», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жеке тәртіппен жүзеге асырылады.

Қабылданған шешім өндірістік процестің үздіксіздігін қамтамасыз етуге, кадрлық әлеуетті сақтауға және кәсіпорындағы әлеуметтік тұрақтылықты қолдауға бағытталған. Сонымен қатар бұл қадам Шатыркөл–Жайсаң кластеріндегі өндірістік ықпалдастықты нығайтуға, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің бірыңғай стандарттарын енгізуге және технологиялық процестерді басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий