Қазақмыс «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
Қазақмыс компаниясының 800-ге жуық қызметкері өңірлерде тазалық жұмыстарын жүргізіп, Астана мен Қарағанды облысында 300-ден астам ағаш отырғызды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында компания басқармасының төрағасы Руслан Өскенәлінің қатысуымен Астанадағы №52 мектеп аумағына 200 түп ағаш отырғызылды. Бұл шара қала ортасын жақсарту мақсатында қолға алынған.
Экологиялық іс-шара Қарағанды облысында да жалғасын тапты. Өндірістік алаңдар мен елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары кезінде Шешенқара кентінде 30, Бақты ауылында 50, ал «Абыз» кеніші мен Қарағанды құю машина жасау зауыты аумағында 40 көшет егілді.

Сонымен қатар кәсіпорынға қарасты аймақтарда жаппай сенбілік өтіп, оған 800-ге жуық жұмысшы қатысты. Олар бір апта ішінде 28 арнайы техниканың көмегімен қоғамдық орындардан 580 тонна қоқыс жинап шығарған. Тазалық жұмыстары Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында ұйымдастырылып, Балқаш көлінің жағалауы да қоқыстан тазартылды.
Компанияның мәлімдеуінше мұндай бастамалар аймақтардың экологиялық жағдайын жақсартып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру үшін тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Соңғы жаңалықтар