Қазақмыс Ұлытау облысында геологиялық барлау жұмыстарын екі есеге арттырды

16.06.2026 12:30 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақмыс Ұлытау облысында геологиялық барлау жұмыстарын екі есеге арттырды
61
Фото: KAZAKHMYS

Ұлытау облысында Қазақмыс корпорациясы кен орындарын іздеу жұмыстарын күшейтіп, бұрғылау көлемін бірден 2 есеге ұлғайтты. Компанияның негізгі күші қазақстандық мыс өнеркәсібінің тарихи орталығы саналатын осы өңірге бағытталып отыр, деп хабарлайды Politico.kz корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақмыстың мәлімдеуінше, 2026 жылы Жезқазған аймағындағы геологиялық барлауды қаржыландыру күрт өскен. Бұрын бұл мақсатқа жылына шамамен $5 млн жұмсалса, биыл инвестиция көлемі $40 млн шамасына жетті. Бөлінген қаражат Жезқазған кен алабының терең қабаттарын зерттеуге және жаңа перспективалы учаскелерді іздеуге жұмсалады.

Сонымен қатар компания бұрғылау жұмысының ауқымын едәуір кеңейтіп жатыр. Бұған дейін пайдалану мақсатындағы бұрғылау көлемі жылына 63 мың қума метрді құраса, 2026 жылы тек Жезқазған бағытының өзінде 62,4 мың метр бұрғылау жоспарланған. Жалпы алғанда барлау жұмыстарының ауқымы шамамен 2 есеге ұлғайып отыр.

Осы бағдарламаны іске асыру үшін Ұлытау облысында 6 заманауи жерүсті бұрғылау қондырғысы жұмысын бастады. Бұған қоса жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 3 жерасты агрегаты мен қосалқы техника сатып алынуда. Сонымен бірге жерүсті жұмыстарына арналған 2 бұрғылау қондырғысы күрделі жөндеуден өтті.

2025 жылы жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша 3 перспективалы учаскеде нақты жұмыстар басталды. Оңтүстік Итауыз, Соркұдық, Жартас учаскелері мен Жыланды кен орындарында қосымша зерттеулер жүргізіледі. Кен орындарының терең қабатын зерттеу жобаларына техниканы есепке алмағанда 2,27 млрд теңге бөлінді.

Мамыр айынан бастап қосымша күштер тартылып, шілдеге қарай өндірістік алаңдарда 10-ға жуық қондырғы жұмыс істейтін болады. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде көлемі 63,5 млн тонна кенді құрайтын резервтік портфель қалыптасты. Оның ішінде 620,3 мың тонна мыс және 12,9 тонна алтын бар, бұл қордың басым бөлігі мемлекеттік балансқа алынды.

Сондай-ақ мекеме заманауи цифрлық технологияларды белсенді енгізіп жатыр. Қазір мамандар кен орындарының үшөлшемді моделін жасауға мүмкіндік беретін жаңа жүйені меңгеруде, оқудан 177 қызметкер өтті. Болашақта бұл бағдарламаны пайдаланатын жұмысшылар санын 401 адамға дейін көбейту көзделген.

Компанияда атап өтілгендей, Ұлытау облысындағы геологиялық барлау жұмысын кеңейту өңірдің болашағына салынған инвестиция болып табылады. Жаңа қорлар қолданыстағы өндірістік қуатты тұрақты жүктемемен қамтамасыз етіп, жұмыскерлердің ұзақ мерзімді жұмыспен қамтылуына әрі Жезқазған өңіріндегі тау-кен металлургия кешенінің одан әрі дамуына жол ашады.

Войдите, чтобы оставить комментарий