Қазақмыс Жезқазған мен Балқаштағы фабрикаларын жаппай цифрландыруға көшті

23.06.2026 11:58 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс Жезқазған мен Балқаштағы фабрикаларын жаппай цифрландыруға көшті
69
Фото: Бейнеден алынған скрин

«Қазақмыс» Тобы Жезқазған мен Балқаштағы байыту фабрикаларында ұсақтау құрылғыларын қадағалайтын жаңа цифрлық жүйені іске қосып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл технологиялық жаңғырту бағдарламасы техниканың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылап, ақауларды ерте бастан анықтауға бағытталған. Осылайша зауыттың жоспардан тыс тоқтап қалу қаупі азайып, өндіріс процесінің сенімділігі арта түспек.

Қазіргі таңда Жезқазған байыту фабрикасында жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталып, орташа және ұсақ бөлшектеу бөлімдеріндегі мәліметтер бірыңғай диспетчерлік жүйеге тікелей түсіп отыр. Мұндай жедел бақылау мамандарға техникалық қызмет көрсетуге қатысты шешімдерді уақытылы қабылдауға үлкен мүмкіндік береді.

Ал Балқаш байыту фабрикасында бұл жоба әлі де қарқынды жүзеге асырылып жатыр, қазіргі уақытта онда басқару шкафтары құрастырылуда. Алдағы уақытта жабдықтарды монтаждап, бағдарламалық жүйелерді баптау жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар электр қозғалтқыштарының температурасы мен дірілін бақылайтын заманауи құралдар орнатылып, бұл жұмыстар 2026 жылдың төртінші тоқсанында толық аяқталады деп жоспарланған.

"Жүйе механизмдердің жұмысындағы ауытқуды ерте кезеңде анықтауға, ақаудың дамуына жол бермеуге, апаттық жөндеу көлемін азайтуға және жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартуға ықпал етеді", – деді Қазақмыс корпорациясының баспасөз қызметі.

Компания мәліметіне сүйенсек, ұсақтау жабдығының сенімді жұмысы өндірістік процестің үзіліссіз өтуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан өндірістік қауіпсіздік пен кәсіпорын жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында мұндай автоматтандыру технологиялары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен енгізіле бермек.

Войдите, чтобы оставить комментарий