«Қазақмыс» «Жомарт» кенішіндегі техникаларды метанды автоматты бақылау жүйесімен жабдықтауда

20.08.2026 18:23 Қанат Айбар
«Қазақмыс» «Жомарт» кенішіндегі техникаларды метанды автоматты бақылау жүйесімен жабдықтауда
59
Фото: Қазақмыс

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жомарт» кенішіндегі өздігінен жүретін жерасты техникаларына арнайы стационарлық датчиктер — метан-реле орнатып жатыр. Жаңа жүйе ауадағы метан мөлшерін үздіксіз бақылап, қауіпті шектен асып кеткен жағдайда техниканы автоматты түрде сөндіреді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бүгінгі таңда жерасты техникасының 31 бірлігіне метан-реле орнатылса, тағы 31-інде монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық аяқталғанда 62 өндірістік машина метанды автоматты бақылайтын жүйемен толық жабдықталады.

Қауіпсіздік жүйесі метан концентрациясы рұқсат етілген нормадан асқан бойда техниканың жұмысын бірден бұғаттайды. Бұл жерасты тау-кен жұмыстары кезінде туындайтын қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді. Автоматты датчиктерден бөлек, кеніште тәулік бойы жұмыс істейтін 130 портативті газ талдағыш қолданылады, ал барлық деректер нақты уақыт режимінде бірыңғай диспетчерлік орталыққа түседі.

Бұл бастама — «Жомарт» кенішіндегі өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі. Жалпы қаржыландыру көлемі 2,7 млрд теңгені құрайтын бағдарлама аясында қарастырылған 45 іс-шараның 39-ы толық жүзеге асырылды.

Сонымен қатар кеніште жұмыскерлердің орналасқан жерін бақылау үшін 15,5 шақырым сәуле тарататын кабель тартылып, жеке қорғаныс құралдарын тексеретін терминалдар мен бейнебақылау орнатылды. Ал 2026 жылдың шілдесінде тау жынысы массивінің жағдайын қадағалайтын бірыңғай цифрлық геомеханикалық мониторинг жүйесі іске қосылған еді.

Айта кетейік, бұл жұмыстар «Қазақмыстың» 2026-2028 жылдарға арналған өндірістік қауіпсіздікті трансформациялау стратегиясы аясында орындалуда. Компанияда 2026 жыл «Өндірістік қауіпсіздік жылы» болып жарияланған.

Войдите, чтобы оставить комментарий