«Қазақмыс» жұмысшылар үшін 90 жаңа автобус сатып алды
«Қазақмыс» корпорациясы өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін ескірген автопаркті жаңартып, 90 су жаңа автобус сатып алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Корпорацияның серіктесі саналатын «Tranco Express» кәсіпорны арқылы алынған 40 үлкен Yutong және 50 шағын ПАЗ автобусы әбден тозығы жеткен ескі көліктерді алмастырмақ. Компания өкілдерінің айтуынша бұл өзгеріс қызметкерлердің жұмыс орнына қауіпсіз әрі жайлы жетуіне толық мүмкіндік береді.

Жауапты мамандар қазірдің өзінде жаңа техниканы Ұлытау және Қарағанды облыстарындағы өндіріс алаңдарына бөліп беріп жатыр. Белгілі болғандай бұл мекемедегі корпоративтік көлікті жаңғыртудың алғашқы кезеңі ғана. Алдағы уақытта компания өзге өңірлердегі автопаркті де кезең-кезеңімен жаңартып, жұмысшыларды тасымалдау сапасын арттыруды жоспарлап отыр.
«Автопаркті жаңарту – бұл тек техникалық жаңғырту емес, сонымен қатар адамдардың қауіпсіздігіне салынған инвестиция, еңбек жағдайын жақсарту және өндірістік кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Жүзеге асырылған жоба қазірдің өзінде оң нәтиже беріп, корпоративтік көлік жүйесінің сапасын арттыруға септігін тигізуде», – деп хабарлады корпорация.
Соңғы жаңалықтар