«Қазақша амалсыздан үйрендім»: әнші Dequine-нің даулы сөзі елді дүрліктірді
Қазақстандық әнші Dequine (Данеля Садықова) қазақ тілін қалай үйренгені туралы айтқан ескі сұхбаттарының қайта тарап, желі қолданушыларының наразылығына тап болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Әнші “TheЭфир” бағдарламасына берген сұхбатында қазақ тілін лицейдегі ортаға байланысты амалсыздан меңгергенін айтқан.
“Мен Қазақ-түрік лицейінде оқыдым. Қазақ тілін түсінгеніммен, сөйлей алмайтынмын. Әкімшілік қызметкерлері бәрі қазақша сөйлеген соң, үйренуден басқа амалым қалмады. Бірақ таңдау болса, қазақша сөйлеспеймін. Маған орысша сөйлесу әлдеқайда оңай”, – деген еді ол.
Желі қолданушылары Dequine-нің сөзін менсінбеушілік деп қабылдап, Threads желісінде қатты сынға алды.
“Бұл Dequine. Тілді түсінуге “тура келіпті”… Феминист боламын дейді, өзі екіжүзді”, – деп жазды қолданушылардың бірі.
Дәл осындай мазмұндағы тағы бір сұхбатта әнші әріптесінің “Қазақша түсінесің бе?” деген сұрағына да:
“Лицейде оқыдым, түсінуге тура келді”, – деп жауап берген.
Бұл жауаптар көпшіліктің шамына тиіп, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Dequine көпшілікке жауап берді
Әнші өзі де үнсіз қалмай, Instagram парақшасында бұл сұхбаттардың өте ескі екенін айтып, сынға реакция білдірді.
“Бұл видео – 8 жыл бұрынғы. Ондағы пікірлерім оғаш, ойлау тәсілім де, әрекеттерім де жетілмеген. 18 жастағы мен мен 26 жастағы мен – екі бөлек адам. Біз бәріміз өсеміз, қателесеміз. Кішіпейіл болайық, жау іздеуді қояйық”, – деп жазды ол.
Әлеуметтік желіде пікір екіге бөлінді: бірі әншіні “тілді менсінбеді” деп сынаса, енді бірі оның “ескі қателіктері үшін жауап берудің қажеті жоқ” екенін айтып, жақтап жатыр. Dequine төңірегіндегі дау әлі басылар емес.
Соңғы жаңалықтар