Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне неліктен қосылды – Тоқаев себебін түсіндірді
Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық The National Interest журналына «Сенімділік — жаңа күш» атты мақала жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол АҚШ бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесі нақты бейбітшілік ұсынатын тиімді алаңға айналғанын атап өтті.
«Президент Дональд Трамп бастамашы болған, Біріккен Ұлттар Ұйымы толық қолдау білдірген Бейбітшілік кеңесінің құрылуы — алға жасалған елеулі қадам. Бұл — шексіз пікірталастар өткізуге арналған кезекті форум емес. Бұл, әсіресе, Газа мен Таяу Шығыста нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған практикалық бастама», — деді президент.
Оның айтуынша, ескірген саяси формулалардың орнына «тұрақты экономикалық даму арқылы бейбітшілік» тұжырымдамасы ұсынылды.
«Басқаша айтқанда, бейбітшілік ұран емес, жоба ретінде қарастырылады: инфрақұрылым, инвестициялар, жұмыс орындары және қақтығыстың қайта тұтануын ақылға қонымсыз ететін болашақ. Өзінің жаңашылдығы мен ауқымдылығының арқасында бұл бастама құрмет пен халықаралық назарға әбден лайық», — деп атап өтті Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл бағыттағы қолдауы сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі сипатқа ие екенін айтты.
«Қазақстанда президент Дональд Трамп стратегиясымен байланысты саяси қағидаттарға оң көзқарас қоғам мен сарапшылар талқысында әртүрлі деңгейде кеңінен көрініс табуда: ақылға қонымдылық, дәстүрлі құндылықтарды қорғау, ұлттық мүдделерді сақтау және соғыстарды созбай, оларды аяқтауға ұмтылу. Бұл қағидаттар көпшіліктің инстинктивті талабымен үндеседі — қауіпсіздік, тұрақтылық пен қадір-қасиет. Қазақстанның бұл бағыттағы қолдауы сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі сипатқа ие. Сондықтан біз Бейбітшілік кеңесіне қосылып, оны нақты іс-қимылмен қолдауды жөн көрдік», - деп жазды Тоқаев.
Сондай-ақ ол бұл шешім ұлттық мүдделермен де байланысты екенін атап өтті: экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестиция тарту және озық технологияларды енгізу мақсатында қабылданған.
«Кең мағынада алғанда, бұл қадам мұсылман және еврей әлемдері арасындағы диалогтың кеңеюіне ықпал етеді деп үміттенеміз», — деп түйіндеді президент.
Трамп төрағалық ететін Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында Газа секторына гуманитарлық көмек көрсету мәселелері талқыланады. Кеңеске шамамен 60 ел шақырылды, олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Өзбекстан және Әзербайжан бар. Мәскеу бұл ұсынысты зерделеп жатыр, ал Астана, Минск, Ереван, Ташкент және Баку оны қабылдады.
Соңғы жаңалықтар