Қазақстан мен АҚШ КҚК мәселесін талқылады

29.07.2026 22:42 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстан мен АҚШ КҚК мәселесін талқылады
205
Ашық дереккөз

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы келіссөз өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ Президенттің АҚШ-қа жоспарланған сапары мен G20 саммитіне дайындық барысы сөз болды.

Келіссөз кезінде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) айналасындағы қазіргі жағдайға ерекше назар аударылды. Тараптар мұнай экспортын тұрақты қамтамасыз ету және энергетика саласындағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Еске салсақ, 21 шілдеде Қара теңіздегі қауіпсіздік жағдайының күрделенуіне байланысты КҚК уақытша қазақстандық мұнайды қабылдауды тоқтатқан болатын. Соның салдарынан елдегі мұнай өндірісі төмендеп, әсіресе Теңіз кен орнындағы өндіріс көлемі айтарлықтай қысқарды. Ал 27 шілдеде консорциум терминалы жұмысын қайта бастап, мұнай қабылдау процесі қалпына келтірілді.

Войдите, чтобы оставить комментарий