Тоқаев Астанада «Болашақ ойындарын» ашып, Қазақстанның жаңа бағытын жариялады

29.07.2026 21:46 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев Астанада «Болашақ ойындарын» ашып, Қазақстанның жаңа бағытын жариялады
53
Фото: Ақорда

Астанада «Болашақ ойындарының» ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Іс-шараға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл халықаралық турнирдің цифрлық технологиялар мен дәстүрлі спорттың мүмкіндіктерін біріктіретін бірегей жоба екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, фиджитал форматындағы жарыстар адамзаттың инновацияға ұмтылысын, білім мен физикалық дайындықтың қатар дамуын көрсетеді. Ол Қазақстанның бейбітшілік, қауіпсіздік және әділеттілік қағидаттарын ұстанып, халықаралық ынтымақтастықты қолдайтынын айтты.

Мемлекет басшысы елімізде цифрлық экономиканы дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, Қазақстанда цифрлық саланы жетілдіруге арналған заңнамалық негіз қалыптасып, жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше басымдық берілуде.

Сондай-ақ Тоқаев биыл елордада жасанды интеллектке маманданған жоғары оқу орны ашылатынын хабарлады. Бұдан бөлек, нейрожелі көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі ұйымдастырылып, ал келесі жылы Астана әлемнің үздік киберспортшыларын қабылдайтын халықаралық турнирдің алаңына айналады.

Президент жастарға үндеу жасап, олардың білімі мен жаңашыл көзқарасы Қазақстанның келешегін айқындайтынын атап өтті. Ол қатысушыларға жарыста сәттілік тілеп, бұл дода жаңа достық пен халықаралық байланысты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Айта кетейік, «Болашақ ойындары» 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтеді. Жарыстар елорданың бірнеше ірі спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған әлемнің көптеген елдерінен келген спортшылар қатысуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий