Қазақстан қандай экономикалық модель құрып жатыр?

Қазақстан қандай экономикалық модель құрып жатыр?
31.07.2025 14:12
0
148
Сурет: server space

2022 жылы «Қасіретті Қаңтар» оқиғасынан кейін билік барлық саланы реформалауға кірісті. Ең алдымен саяси реформа қолға алынды. 2022 жылы 16 наурыз бен 1 қыркүйекте президент халыққа жолдауында қоғамдық-саяси өмір мен қалыптасқан саяси режимді өзгерту бағыттарын ұсынды. Сол жылы басталған «Ұлттық құрылтай» рухани-идеологиялық реформаға бастау болды. Ал 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында әлеуметтік-экономикалық саланы реформалаудың бағыт-бағдарын айқындады. Алайда 2 жыл уақыт өтсе де қоғам, тіпті мемлекеттік органдар да қандай экономикалық модель құрып жатқанымызды толық түсіне алмай келеді.  

Қандай даму жолдары бар?

Дарон Аждемоғлы мен Джеймс А. Робинсонның «Мемлекеттер неге дамымай қалады?» атты көпшілікке танымал еңбегі бар. Онда мемлекеттер дамудың екі жолын таңдайды дейді. Біріншісі инклюзивті, екіншісі экстрактивті. Инклюзивті даму әділетті заңға, адал бәсекелестікке, сөз және баспасөз еркіндігіне, кәсіпкерлікті қолдау және монополияны әділ реттеу тәсілдеріне сүйенеді.

Ал экстрактивті керісінше азаматтардың саяси өмірге араласуы шектелуімен, байлық шектеулі топқа тиесілі болуымен, экономикалық өсім мен инновацияға жол бермеуімен ерекшеленеді. Қазақстанда КСРО құрамында болған кезде және тәуелсіздік алғаннан кейін де экстрактивті институттар құрылды. Тек билік транзитінен кейін ғана инклюзивті даму жолын таңдады.

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» реттелетін нарықты құру әрекеті ме?

2023 жылы 1 қыркүйекте президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауын арнады. Онда мемлекет инклюзивті даму жолын таңдаған. Бірақ батыстық үлгіден ерекше, өз тәжірибеміз ескерілген. Жаңа экономикалық бағдар әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік қағидаларына негізделген. «Әділдік» 2022 жылы Қаңтар оқиғасына түрткі болған азаматтардың талабы. Сондықтан енгізілген. Ал «инклюзивтік» қазіргі биліктің өз таңдауы. Себебі экстрактивті институттардан саналы түрде бас тартуға кез келген басшы бара алмайды. «Үнемшілдік» халқымыздың моральды-этикалық, экологиялық нормасы болып саналады. Саяси технологиялық тұрғыда бұл норманы енгізу ұтымды қадам болды.

Жаңа экономикалық модельдің үш қағидасы көпшілікке түсінікті. Бірақ оның астарында қандай экономикалық режим жатқаны жолдауда ашық айтылмаған. Біз білетін жоспарлы, реттелетін және мемлекет араласпайтын либералды нарықтық экономикалық модельдер бар. Біздің билік осылардың қайсысын таңдады?

Президенттің жолдауында «реттелетін» деген сөз бір рет қолданған. Мемлекеттік сатып алуды реттелетін жүйеге айналдыруға шешім қабылданғаны айтылады. Егер мәтінге жүйелі талдау жасасақ, мемлекеттің «реттелетін» нарық құруға кіріскенін көреміз. Тоқаев ұсынған «реттелетін» нарықтың мынадай белгілері бар:

  • Мемлекет экономикалық өсім беретін негізгі стратегиялық бағыттарды (өңдеу өнеркәсібі, туризм, агроөнеркәсіп, көлік-логистика, цифрландыру және ЖИ, инновациялық даму және креативті индустрия) айқындаған. Бірақ инклюзивті даму элементтері бар. Себебі цифрландыру және ЖИ, инновациялық даму және креативті индустрия экстрактивті институттарды «жасампаздықпен» өзгертуге әсер етеді.
  • Өсім беретін әр экономика саласының негізгі ойыншыларын қалыптастыру әрекеттері байқалады. Ірі ойыншыларға тек ішкі ғана емес, сыртқы нарыққа шығуына мемлекет қолдау көрсетеді. 1960-80 жылдардағы Оңтүстік Кореяның реформасына ұқсайды.  
  • Квазимемлекеттік сектордың бәрі жойылып немесе жекеге өтпейді. Керісінше бейінді емес активтерден арылу және IPO арқылы жекешелендірмек. Бұл мемлекеттің реттеу тетіктерін сақтайтынын көрсетеді.
  • Мемлекеттің «реттеу» механизмін шектен тыс қолдануына жол бермеу үшін бәсекелестікті қорғау және мопополияға қарсы әрекетті, сондай-ақ мемлекеттің экономикадағы рөлін азайтуды институцияландыру ұсынылған.

Мұның бәрі биліктің «реттелетін» нарық құруға кіріскенін аңғартады. Бірақ бұл қандай нәтиже беретінін уақыт көрсетеді. Орта мерзімде, яғни 2029 жылға қарай алғашқы нәтижелері белгілі болмақ. Бірақ мұнда бір жайтты ескерте кеткен жөн. Жолдаудың негізгі мақсаты 2029 жылға қарай экономикалық өсімді екі еселеу емес, жаңа экономикалық модельдің (реттелетін нарық) берік негізін қалыптастыру.

«Реттелетін» нарықты құру үшін қоғам не істеуі керек?

Көріп тұрғанымыздай билік «реттелетін нарық» құруға кіріскен. Орта мерзімде бұл модельдің берік негізі қалыптасуы мүмкін. Алайда бұл модель ары кетсе 15-20 жыл тиімді жұмыс істейді. Себебі мемлекет пен оның институттары тиімді жұмыс істемесе «реттелетін» нарық та, «реттелмейтін» нарық та оң нәтиже көрсетпейді. Мұны Оңтүстік Кореяның тәжірибесінен көруге болады.

Корей соғысынан кейін Оңтүстік Корея экономикалық өсім көрсеткенімен, белгілі бір уақыт аралығында дағдарысқа ұшырап келеді. Бұған саяси институттардың экстрактивті элементтерден әлі арылмауы себеп болып отыр. Мысалы, 2024 жылы елдің экс-президенті Юн Сок Ель парламентті әлсіретіп президент институтын күшейтуға талпыныс жасады. Алайда оның әрекеті сәтсіз аяқталды.

Меніңше Қазақстан «реттелетін» нарық құруы үшін Оңтүстік Кореяның тәжірибесін ескеруі тиіс. Саяси тұрақтылық пен ұдайы экономикалық өсімді қамтамасыз етуде қоғамның рөлін ескеру қажет. Азаматтық қоғам институттары толық қалыптаспайынша саяси тұрақтылық болмайды. Бұл саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, маслихаттар мен өзін-өзі басқару органдары, тұрғын-үй кооперативтері, БАҚ есейіп институциялануы тиіс.

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий