«Қазақстан сияқты»: Путиннің НАТО құрамына кіруді өтінген сөздері табылды

26.12.2025 10:58 Арман Ермеков Арман Ермеков
«Қазақстан сияқты»: Путиннің НАТО құрамына кіруді өтінген сөздері табылды
0
401
Фото: Mark Wilson/Getty Images

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік мұрағаты Ресей президенті Владимир Путин мен Америка Құрама Штаттарының сол кездегі басшысы кіші Джордж Буш арасындағы 2001 жылы өткен келіссөздердің стенограммасын жариялады, деп хабарлайды Politico.kz порталы DW.com телерадиокомпаниясына сілтеме жасап.

Құпиясы ашылған құжаттарға сәйкес, ресейлік лидер әңгіме барысында Мәскеудің өзін «шеттетілгендей» сезінетінін айтып, Ресейді Солтүстік атлантикалық альянсқа қабылдауды өтінген.

Сол кездегі Ақ үй басшысы Буш бұған жауап ретінде Ресейді Батыстың ажырамас бөлігі санайтынын және оны жау деп қарастырмайтынын жеткізген. Алайда ол елдің Батысқа ұқсап, заң үстемдігін орнатып, кәсіпкерлік пен баспасөз бостандығын дамытуы керектігін ескерткен. Сонымен қатар америкалық президент 50 жылдан кейін әлем үшін негізгі сын-қатер Қытай болуы мүмкін деген болжам айтқан.

Владимир Путин өз кезегінде Ресейдің еуропалық және көпұлтты мемлекет ретінде АҚШ-қа ұқсас екенін алға тартқан. Ол Кеңес одағының 1954 жылы НАТО-ға кіруге өтініш бергенін еске салып, 2000 жылдардың басында сол кездегі бас тарту себептерінің толығымен жойылғанын дәлелдеуге тырысқан.

«Мүмкін, Ресей НАТО мүшесі бола алар еді», – деген сөз тіркесі құжатта дәлме-дәл келтірілген.

Әңгіме барысында Путин Кеңес одағының ыдырауын өзіндік тұрғыда түсіндірген. Оның пайымдауынша, әлемдік тәртіпті КСРО-ның ізгі еркі өзгерткен және Ресей мыңдаған шаршы шақырым аумақтан өз еркімен бас тартқан. Осы тұста ол Украина, Қазақстан және Кавказ аймақтарын мысалға келтірген. Путин ресейлік қоғам мен элитаның осынау ауқымды өзгерістерден алданғандай сезімде қалғанын және халықтың пайдалана алмайтын деңгейдегі тым көп бостандыққа ие болғанын айтты.

Қызығы сол, 2025 жылдың қазан айының басында «Валдай» клубының отырысында сөйлеген сөзінде Путин Ресейдің НАТО-ға екі рет - 1954 жылы және 2000 жылы Билл Клинтонның Мәскеуге сапары кезінде кіруге талпынғанын айтқанымен, Джордж Бушпен болған бұл әңгімені тілге тиек етпеген еді.

Отрыста ол өз сөзінде Украинадағы соғыстың алдын алуға болатынын, ол үшін НАТО Ресей шекарасына жақындамауы және Украина «шынайы егемендігін» сақтауы қажет болғанын бірнеше рет қайталады. Бұл дәлелдерді ол 2022 жылдың ақпанында толыққанды шапқыншылықты бастаған кезде де негізгі себеп ретінде ұсынған болатын.

Нәтижесінде соғыс басталғаннан кейін НАТО-ға Финляндия мен Швеция қосылды. Осылайша Ресейдің НАТО-мен шекарасы шамамен 1300 шақырымға ұлғайып, екі есеге артты. Финляндияның астанасы Хельсинки мен Швеция елінің астанасы Стокгольм өтініш берген кезде Путин Мәскеу бұл қадамды қауіп ретінде қарастырмайтынын мәлімдеп, «қаласа - кіре берсін» деген сыңайда жауап қатқан еді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий