Қазақстанда 129 мың зейнеткер ет алуға қиналады, ал үштен бірі демалыссыз қалған
Қазақстанда 129 мыңнан астам қарт адам екі күнде бір рет ет немесе балық жей алмайды. Ал зейнеткерлердің 30%-дан астамы демалысқа шығуды мүлдем ұмытқан, деп хабарлайды Ranking.kz порталы 2026 жылғы зерттеу деректеріне сүйеніп.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қарттардың көпшілігі материалдық жағдайын орташа деп бағалағанымен, мыңдаған адам қарапайым қажеттіліктерге зәру. Сауалнамаға қатысқандардың 5,1%-ы құрамында ақуызы бар ыстық тамақты жиі іше алмайтынын жеткізген. Бұл шамамен 129 мыңнан астам адам деген сөз. Олар қаражаттың тапшылығынан екі күннің бірінде ет, балық немесе тауық қосылған тамақ жеуден қағылып отыр.
Киім мен жиһаз жаңарту да үлкен мәселеге айналған. Қарттардың 21,6%-ы ақша жетпегендіктен жаңа төсек немесе кресло сатып ала алмайды. Әрбір оныншы зейнеткер маусымға сай екі жұп аяқ киім алуға қиналады. Оған қоса зейнеткерлердің 21%-ы күтпеген жерден 30-40 мың теңге қажет бола қалса, қарыз іздеуге мәжбүр. Олар форс-мажорлық шығындарды өз қалтасынан өтей алмайды.
Қаржылық шектеулер қарттардың әлеуметтік өміріне де кедергі келтіреді. Зейнеткерлердің 30,4%-ы үйден жыраққа бір апталық демалысқа бара алмайды. Тағы 11,9%-ы кино немесе концертке баруға қаражат таппайды. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың 6,3%-ы ақшаның жоқтығынан достарымен немесе туыстарымен бас қосып тамақтануға шамасы келмейтінін айтқан.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, ақпан айында орташа зейнетақы 157,8 мың теңгені құраған. Ал қажетті еңбек өтілі жоқ азаматтар небәрі 53,9 мың теңге көлемінде базалық төлем алады. Бірақ қарттардың өздері қалыпты өмір сүру үшін бұл сома аздық етеді деп санайды. Әрбір үшінші зейнеткер кедейлікті сезінбеу үшін отбасының әр мүшесіне 260-320 мың теңге қажет екенін айтқан. Тағы 14,3%-ы бұл сома 400-500 мың теңге көлемінде болуы тиіс деп есептейді.
Осындай қаржылық қиындықтарға қарамастан, зейнеткерлердің өмірге көңілі толады. Олар өз өмір сүру сапасын он балдық жүйемен 7,5 балға бағалаған. Қарттар әсіресе бос уақытының көптігі мен жақындарының моральдық қолдауына риза. Дегенмен олар денсаулығына және тұрғын үй жағдайын өз бетінше жақсарту мүмкіндігіне көбірек алаңдайды. Зерттеушілер қарттардың мұндай қанағатшылдығын тоқсаныншы жылдардағы қиындықтарды көргенімен және қазір еңбекке қабілетті балаларының өз табысы бар екендігімен түсіндіреді.
Соңғы жаңалықтар