Жиһанкез: Ингушетияда қазақпын десем, үйіне қондырып, ақша береді

10.08.2026 17:07 Томирис САҒЫНДЫҚ
Жиһанкез: Ингушетияда қазақпын десем, үйіне қондырып, ақша береді
88
Фото: aikyn.kz сайтынан алынды

Жаяу шарлап, әлемді таңғалдырған танымал жиһанкез Сәрсенбай Оспанұлы Қотырашев сапар барысында түйген ойын және түрлі халықтың қонақжайлылығы туралы әсерін бөлісті. Түркия, Шешенстан мен Ингушетия елдеріндегі қызықты сәттерді еске алған ол, әсіресе кавказ халқының қазақ жұртына деген ерекше құрметі мен тарихи тағзымының сырын ашты. Жиһанкездің айтуынша, сүргін жылдарындағы қазақ халқының бауырмалдығын Кавказ жұрты әлі күнге дейін ұрпағына өсиет етіп келеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ақсақал «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында әңгімеледі.

«Халқымызда «Өліден қорықпа, тіріден қорық» деген сөз бар. Жол бойында зират басында түнеуге тура келген кездерім аз болған жоқ. Түркияда бұл жағы өте жақсы жолға қойылған екен. Әрбір автожанармай құю станциясында намазхана бар. Кешкісін барып, ішіне кіріп аласың да, төсенішіңді төсеп ұйықтай бересің — ешкім де мазаламайды. Кешкі намазға келген жергілікті тұрғындар жатқан адамды көргенде, дауыстарын ақырын шығарып, намаздарын оқып, аяқтарының ұшымен ақырын басып шығып кетеді. «Неге мұнда жатырсың?» деп ешкім сұрақ қоймайды», — деді жиһанкез.

Жиһанкез Сәрсенбай Қотырашевтің сөзінше, Қазақстанның ауылдық елді мекендері мен Солтүстік Кавказ республикаларында саяхатшыларға деген құрмет деңгейі жоғары.

«Қазақстанда ауылдың тұсынан өтіп бара жатсаң, халқымыз дарқан ғой, сенен бұрын өздері сөз бастайды: «Не істеп жүрген жансың? Қайда барасың? Күн батып кетті ғой, межелі жеріңе жете алмайсың. Менің үйіме қон, құтты қонағым бол, төрге шық!» дейді. Шешенстан мен Ингушетияда да маған ерекше құрмет көрсетті. Оларда жолда келе жатқаныңда, тіпті түс ауа кездескен адамның өзі амандық-саулық сұрасып: «Қай ұлтсың?» деп сұрайды. «Қазақпын» десең: «Оу, бауырым!» деп бауырына басады. «Бүгін қонақүйге қонбайсың, менің үйіме барасың. Болды, бітті!» дейді. Мен: «Мен сіздің үйіңізге қалай барамын? Үйіңіз қайда? Менің бүгінгі межелеген қашықтығым бар, мынадай шақырымды бағындыруым керек», — десем: «Сен ол жерге бәрібір жетесің. Тек мен сені көлікпен сапарлап жүрген жеріңнен күтіп аламын», — дейді. Сөйтеді де, жүгімді көлігіне артып алып, 10-15 шақырым жерден күтіп алып, үйіне апарып қондырады. Таңертең қайтадан сапар жолыма әкеліп салып жібереді. Одан қалды, үйіне дереу хабарласып: «Кешке қонақтар шақырыңдар! Достарды, туыстарды, көршілерді — бәрін шақырыңдар! Үйімізге Қазақстаннан жаяу келе жатқан қазақ бауырымыз қонаққа келеді. Бар дәмдіні әзірлеңдер, бәрі дайын болсын!» деп тапсырма береді», — деді Сәрсенбай Оспанұлы Қотырашев.

Сонымен бірге Сәрсенбай Қотырашев жергілікті тұрғындардың қазақ саяхатшысына деген материалдық әрі моральдық қолдауын атап өтті. Оның сөзінше, Кавказ жұртының бұл құрметі депортация жылдарындағы тарихи оқиғалармен тығыз байланысты.

«Сапарда бара жатсаң, басқа біреуі кездеседі. Ол да «Қазақпын» дегенді естісе: «Қонақүйге қонбайсың, менің үйіме барасың!» дейді. «Рақмет, пейіліңізге ризамын, бірақ ана бауырға баруға уәде беріп қойдым», — десем: «Иә, алдында кездескен адамға уәде беріп қойсаң, сөзіңнен қайтқаның ыңғайсыз болар», — деп түсіністік танытады. Артынша: «Туғанымдай болған бауырым едің», — деп, қалтаңа жолға, тамағыңа жаратарсың деп ақша салып кетеді. Мен таңғалып: «Мұншама құрметтейтіндей, маған мұндай қайырымдылық көрсететіндей мен кім едім? Жай ғана қазақтың қарапайым баласымын. Лауазымым жоқ, ғалым да, шенеунік те, депутат та емеспін. Неге мұнша басымды төріңізге шығарасыздар?» деп сұрадым. Сонда олар: «Біз атамыздың өсиетін орындап жүрміз. Атамыз көзі тірісінде: «Жолда бір қазақты көрсеңдер, ерекше құрмет көрсетіңдер. Не сұраса да, бәрін тегін беріңдер! Біз қазақ халқына мәңгілік қарыздармыз. Тіпті алтын берсек те, ол қарызды өтей алмаймыз. Егер сол бауырларымыз болмағанда, сүргінге ұшырап, аштықтан тұқымымыз тұздай тозып, құрып кетер едік. Солардың арқасында ғана аман қалдық, заман түзедік. Сондықтан оларға әрдайым қарыздармыз. Егер қазаққа құрмет көрсете алмасаңдар, мен о дүниеде де тыныш жата алмаймын. Мекендеген аруағымды сыйласаңдар, қазақты сыйлаңдар!» деп өсиет еткен. Сізді кездестірдік пе — сол бабамыздың өсиетін орындау біздей немере-шөберелерінің басты парызы», — деп жауап берді», — деді Жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев.

Войдите, чтобы оставить комментарий