Қазақстанда 30 жыл бұрын болған зорлық-зомбылық ісі тергелуде

03.06.2026 13:43 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстанда 30 жыл бұрын болған зорлық-зомбылық ісі тергелуде
159
Фото: depositphotos.com

Батыс Қазақстан облысында 30 жыл бұрын болған зорлық-зомбылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде Наташа Қалымбетова есімді әйел бейнеүндеу жариялап, 17 жасында 4 ауылдасы тарапынан зорланғанын айтқан. Ол кезде қорқыныш пен қоғамның ұятынан, сондай-ақ анасының қарсылығынан полицияға арыз түсірмеген. Осы оқиғадан кейін 1994 жылдың желтоқсанында дүниеге қыз бала келіп, баспана мен қолдаудың жоқтығынан нәресте Оралдағы балалар үйіне уақытша тапсырылған. Анасы оны 3 жыл бойы барып көріп тұрғанымен, кейін қыз із-түссіз жоғалып кеткен.

Қазіргі таңда 20 жастағы ұлды тәрбиелеп отырған Наташа жақында ғана қызының ресми түрде шетел асып, асырап алынғанын білген. Оған Анжелика-Николь деген қос есім беріліп, тегі Боук болып өзгертілген әрі АҚШ немесе Еуропаға әкетілуі мүмкін. Әйелдің басты мақсаты – қызының амандығын біліп, оны өз еркімен тастамағанын түсіндіру.

Бұл іске қатысты құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 120-бабы «Зорлау» бойынша тергеуді бастап кетті.

«Құқық бұзушылықтың ескіру мерзіміне қарамастан қылмыстық іс қозғалды, себебі бұл жыныстық тиіспеушілікке қатысты, қазір тергеу жүріп жатыр және оның мән-жайын аша алмаймын», — деді ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Оның сөзіне қарағанда, қажетті тергеу әрекеттері аяқталған соң міндетті түрде қосымша ақпарат беріледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий