Қазақстанда 7%-дық ипотекаға 25 миллиард теңге бөлінді

31.03.2026 13:12 Мөлдір Талғат
Қазақстанда 7%-дық ипотекаға 25 миллиард теңге бөлінді
67
Фото: Shutterstock

2026 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша екінші тоқсанға арналған жаңа қаржыландыру лимиті ашылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Сәуір-маусым айларына банктерге жалпы 25 миллиард теңге бөлінеді, ал жылдық жалпы лимит 100 миллиард теңгені құрайды. Осылайша, қаржы әр тоқсан сайын теңдей көлемде, яғни 25 миллиард теңгеден бөлініп отырады.

«Крыша» порталының мәліметіне сәйкес, бұл бағдарлама тұрғын үй алуды жеңілдету мақсатында жұмысын жалғастырып келеді және оның операторы – Қазақстан тұрақтылық қоры. Қазіргі таңда бағдарлама аясында ипотеканы «Банк ЦентрКредит», Halyk Bank, Freedom Bank, ForteBank, Bank RBK, «Еуразиялық банк» және Altyn Bank арқылы рәсімдеуге болады.

Бағдарлама шарттары бойынша несие мөлшерлемесі жылдық 7 пайызды құрайды, бастапқы жарна кемінде 20 пайыз болуы тиіс, ал несие мерзімі 25 жылға дейін беріледі. Сонымен қатар, соңғы 18 ай ішінде өтініш берушінің және оның жұбайының атында тұрғын үй болмауы қажет және тек жаңа, пайдалануға берілген баспана сатып алуға рұқсат етіледі, яғни қайталама нарықтағы үйлер бұл бағдарламаға қатыспайды.

Бағдарламаға тек Қазақстан азаматтары бір рет қана қатыса алады. Тұрғын үйдің шекті бағасы да өңірлерге қарай белгіленген: Алматы, Астана, Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында 30 миллион теңгеге дейін, Қарағандыда 25 миллион теңгеге дейін, ал басқа өңірлерде 20 миллион теңгеге дейін.

Айта кету керек, лимиттің ашылуы ипотека алу мүмкіндігін толық кепілдендірмейді, өйткені барлық өтінімдер кезек тәртібімен қаралады және бөлінген қаражат шектеулі болғандықтан, кейбір азаматтар үлгермеуі мүмкін.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий