"Бөтен еркектің ұрығын салған". Ерлі-зайыпты клиниканы сотқа берді

05.10.2026 • 21:33 Томирис САҒЫНДЫҚ
144
Фото: ABC News/YouTube

АҚШ-тың Флорида штатында ерлі-зайыпты ЭКҰ  жасатып, балалы болған. Бірақ кейін клиниканың қателігінен бөтен бір еркектің ұрығы пайдаланылғаны белгілі болды. Енді отбасы репродуктивті медицина орталығын сотқа беріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы nbcmiami.com басылымы жазды. 

Джексонвиллдегі «Brown Fertility» клиникасына шағым түсірген Натали мен Джош Стронгтың адвокаттары сұмдық жайтты айтып берді. Ерлі-зайыптылар өздерінің перзенті болсын деп қаншама ауыр процедуралардан өтіп, мыңдаған доллар ақша жұмсаған. Ал ақыр соңында орталық бөтен адамның ұрығын салып жіберген.

«Төбемізден жай түскендей болды. Бұл енді бүкіл өмірімізге таңба болып қалады. Ертең өскенде балаға мұны қалай түсіндіретінімізді де білмей далмыз. Балалы болдық деп қуанғанымызша болмай, қуанышымыз су сепкендей басылды», — дейді Натали Стронг.

Наталидің айтуынша, бәрі босанғанның ертеңінде-ақ белгілі болған. Ава есімді қызының қан тобын тексергенде, ата-анасына мүлдем сәйкес келмей шыққан. Наталидің де, күйеуі Джоштың да қаны теріс резусты (Натали — 1-топ, Джош — 2-топ).

«Джош өзі медбике болып жұмыс істейді. Қан анализін көргенде бірден: «Бұл қалайша?» — деп таңғалды. Дәрігерлер де түсіндіріп бере алмады. «Мүмкін Джоштың әскердегі қағаздары қате шығар» деп, өзімізді де, оны да қайта тексерттік. Бәрі дұрыс болып шықты. Тіпті логикаға сыймайды: екі теріс резусты ата-анадан оң резусты, 3-топтағы қанмен бала тууы мүмкін емес», — дейді Натали.

Стронгтар отбасы клиникадан әлі күнге дейін ешқандай жауап ала алмаған. Баланы тапқан биологиялық әкесінің де кім екені белгісіз. Қазір кішкентай Ава 15 айға толған.

«Бір жағынан ішің өртеніп, ашуланасың, екінші жағынан баланы көріп қуанасың, жақсы көресің. Мұның бәрін көтеру өте ауыр, бірақ біз қызымызды қатты жақсы көреміз», — дейді отағасы Джош Стронг.

Войдите, чтобы оставить комментарий