Қазақстанда ата-аналар үшін жұмыс уақытын бір сағат қысқарту ұсынылды
Мәжілісте кішкентай балалары бар ата-аналар үшін жұмыс уақытын бір сағатқа қысқарту туралы ұсыныс айтылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл бастаманы мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Еңбек кодексіне енгізілетін өзгерістерді талқылау кезінде көтеріп, мұндай шараның әлеуметтік маңызын атап өтті. Оның айтуынша:
"Ата-ананың баласымен бірге өткізетін қосымша бір сағаты – оның болашағына салынған инвестиция. Бұл – отбасының, қоғамның тұрақтылығы, сондай-ақ ата-ананың баласын балабақшадан уақытылы алып кету мүмкіндігі. Оған қоса бала тәрбиесіне және оның денсаулығына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді", – деді депутат.
Ол бұл мәселені бұған дейін үкімет деңгейінде көтергенін, алайда әзірге нақты шешім қабылданбағанын айтты. Сондықтан да уәкілетті органдар мен депутаттарды заң жобасын екінші оқылымда талқылау кезінде ұсынысты ескеруге шақырды. Әбденнің сөзінше, әлемнің көптеген дамыған елдерінде мұндай тәжірибе әлдеқашан қалыптасқан және оның оң әсері ғылыми түрде дәлелденген.
Депутат бұл бастаманың артықшылық немесе қосымша жеңілдік емес екенін атап өтіп, "Бұл қандай да бір бонус немесе артықшылықтар ретінде қарастырылмайды. Бұл – отбасын нығайтуға бағытталған мемлекеттік стратегиялық шара. Мұнда қосымша бюджет шығындары туралы сөз болып отырған жоқ. Бұл қарапайым өзара алмастырымдылық қана. Оны еңбек заңнамасына оңай енгізуге болады", – деп түсіндірді.
Бір жыл бұрын Қарақат Әбден Скандинавия елдері тәжірибесін негізге алып, әйелдер үшін жұмыс уақытын қысқартуды және ақылы декреттік демалысты екі жылға дейін ұзартуды ұсынған еді. Осылайша депутат елімізде отбасы институтын қолдайтын нақты жүйелі шаралар енгізу қажеттігін қайта көтеріп отыр.
Соңғы жаңалықтар