Қазақстанда фонограммаға тыйым салынды: Президент жаңа заңға қол қойды

04.12.2025 16:18 Арман Ермеков
Қазақстанда фонограммаға тыйым салынды: Президент жаңа заңға қол қойды
0
173
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Жаңа құжат Жер, Бюджет, Кәсіпкерлік, «Неке және отбасы», «Халық денсаулығы» кодекстері мен бірқатар салалық заңдардың нормаларын жаңартуды көздейді, деп хабарлайды Politico.kz.

Заңдағы маңызды өзгерістердің бірі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Енді кәмелетке толмағандарға қамқоршы тағайындау немесе баланы асырап алу рәсімдері кезінде басым құқық ең алдымен баланың туыстарына беріледі. Егер туыстары болмаған жағдайда басымдық ресми некеде тұрған азаматтарға өтеді.

Мемлекеттік бақылау саласында да елеулі түзетулер бар. Балалардың тамақтануына, тұрғын үйіне, медициналық көмегіне және тәрбиесіне бюджеттен қаржы алатын ұйымдарды тексеру тәртібі қайта қаралды. Мұндай субъектілерге қатысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бұдан былай Кәсіпкерлік кодекстің реттеу аясынан шығарылады. Тексеру жұмыстары енді «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Бала құқықтары туралы» заң шеңберінде жүзеге асырылады.

Білім беру жүйесінде оқу орындарын саралаудың жаңа тәртібі бекітілді. Техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар Оқу-ағарту министрлігі бекіткен рейтингтік көрсеткіштер мен әдістемеге сәйкес бағаланады. Ал жоғары оқу орындарының саралануы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бекіткен қағидаларына негізделетін болады.

Мәдениет саласындағы түзетулер концерттік қызметке қатысты қатаң талаптарды енгізді. Бұдан былай әншілерге концерт кезінде фонограмманы пайдалануға тыйым салынады. Алайда бұл шектеу телевизиялық жазбаларға және концерт өткізуге арнайы бейімделмеген орындарға жүрмейді. Сонымен қатар масс-медиа мен онлайн-платформаларда авторлық туындыларды жария түрде пайдаланған кезде автордың аты-жөнін көрсету міндеттелді. Ал кітапхана қорын байыту мен сақтау шаралары ендігі жерде жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне өтті.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий