Қазақстанда Инстасамканың концерттерін өткізуге тыйым салу талап етілуде

18.08.2026 21:24 Қанат Айбар
Қазақстанда Инстасамканың концерттерін өткізуге тыйым салу талап етілуде
314
Ашық дереккөздерден

Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары құзырлы органдарға үндеу жасап, ресейлік әнші Инстасамканың елдегі концерттерін тоқтатуды талап етуде, деп хабарлайды Politico.kz.

Инстасамка псевдонимімен танымал әнші күзгі турне аясында Қазақстанның жеті қаласында — Қостанай, Өскемен, Тараз, Қарағанды, Астана, Алматы және Павлодарда өнер көрсетуді жоспарлаған еді. Алайда бұл гастрольдік сапар туралы хабарланған бойда Қазнет қолданушылары наразылық білдіріп, оның өнер көрсетуіне тыйым салуды сұрай бастады.

Желі қолданушыларының айтуынша, орындаушының әндерінде бейпіл сөздер жиі кездеседі және кәмелетке толмағандарға теріс әсер ететін контент бар. Сонымен қатар, Ресейдің өзінде де әншінің шығармашылық мазмұны мен қоғамдағы мінез-құлқына байланысты концерттері бірнеше рет тоқтатылғаны алға тартылуда.

Threads желісінде жарияланған үндеулердің бірінде: «Құзырлы органдардан оның Қазақстандағы шығармашылығы мен өнер көрсетуіне құқықтық баға беріп, заңды негіздер болған жағдайда тиісті шаралар қабылдауын сұраймыз», — деп жазылған. Қазіргі таңда бұл мәселе әлеуметтік желілерде белсенді талқыланып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий