Қазақстанда такси жүргізушілеріне жолаушыларды сақтандыру міндеттелді
Қазақстанда такси қызметіне қатысты талаптар күшейтіліп, енді жүргізушілер жолаушыларды да міндетті түрде сақтандыруы тиіс. Мұндай талап ақшаға адам тасымалдайтын барлық жүргізушіге қатысты. Бұл туралы Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
Такси жүргізушісі Ақжол Сейсенбайдың айтуынша, ол бұл салада бес жылдан бері еңбек етіп келеді. Жақында жұмыс берушісі барлық жүргізушіден жолаушыларға арналған сақтандыру полисін рәсімдеуді талап еткен. Оның сөзінше, бұрын жұмысқа орналасқанда мұндай құжат қажет болмаған.
«Бұрын бұл құжаттарды ешкім тексермейтін. Бір ай бұрын “Яндекс” сақтандыру жасатуды талап етіп, әйтпесе аккаунт өшірілетінін ескертті. Содан полис алуға тура келді. Бірнеше күннен кейін полиция тоқтатып, құжаттарды тексерді. Бақытыма қарай, бәрі дұрыс болды», – дейді жүргізуші.
Мамандардың айтуынша, жолаушыларды сақтандырусыз ақылы тасымал жасау заңсыз саналады. Полистің бағасы көліктегі орын санына байланысты. Мәселен, жеңіл көлік үшін оның ең төменгі құны шамамен 13 мың теңгеден басталады. Сақтандыру компанияларының дерегінше, бұрын бұл құжатты рәсімдейтіндер аз болған, алайда соңғы айда сұраныс айтарлықтай артқан.
Сарапшылар кез келген жүргізуші сақтандыру ала алатынын айтады. Бірақ апат болған жағдайда өтемақы төлеу мәселесі жүргізушінің ресми тіркелуіне де байланысты.
«Егер жүргізуші жергілікті органдарда тіркелмеген болса, сақтандыру компаниясы төлем жасаудан бас тартуы мүмкін. Сондықтан такси жүргізушісі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қызметін заңды түрде жүргізуі қажет», – деді сақтандыру саласының маманы Акбар Зайытов.
Заңгерлердің айтуынша, жолаушыларды міндетті сақтандыру туралы норма заңда бұрыннан бар. Алайда ол соңғы уақытта ғана нақты бақылауға алына бастаған. Бұл талап жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Қазіргі кезде автопарктер ұсынатын сақтандыру шамамен 4 миллион теңгеге дейін өтемақы қарастырса, жүргізушінің жеке полисі бойынша зардап шеккен тарапқа 22 миллион теңгеге дейін төлем төленуі мүмкін.
«Егер апат кезінде көлікте бірнеше жолаушы жарақат алса, әрқайсысына сақтандыру полисі бойынша өтемақы төленеді. Жүргізушінің кінәлі-кінәлі еместігі маңызды емес. Ал егер мұндай сақтандыру болмаса, жүргізушіге 40 мың теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін», – дейді Республикалық заң кеңесшілері алқасы төрағасының кеңесшісі Ғабит Өмірбеков.
Айта кетейік, жолаушыларды сақтандыру полисі жыл сайын жаңартылып отыруы тиіс. Онсыз такси қызметімен айналысуға рұқсат берілмейді.
Соңғы жаңалықтар