Қазақстанда такси нарығына бақылау күшейіп, жаңа талаптар енгізіледі
Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр депутаттардың сауалына берген жауабында Қазақстанда жолаушылар тасымалына бақылау күшейтіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Өткен 2025 жылы заңсыз тасымалмен айналысып, жолаушыларға өз қызметін күштеп таңған 21 мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылған. Түрлі заң бұзушылықтар көбінесе жол қауіпсіздігіне арналған рейдтік шаралар кезінде жиі анықталады. Бүгінгі таңда такси қызметі үшін арнайы лицензия талап етілмегенімен, тасымалдаушылар міндетті медициналық тексеруден өтіп, жұмыс пен демалыс режимін сақтауы және жолаушыларды сақтандыруы тиіс.
«Қазір интернет-агрегаторлармен бірге ақпарат алмасу, қосымшаларда тәртіп бұзушыларды бұғаттау, жүргізушілер мен көліктерді тексеру, шаршауды бақылау жүйелері және сақтандыру полистерін рәсімдеу кезінде жүргізушілер санын шектеу сияқты қосымша реттеу тетіктері пысықталып жатыр», - деп түсіндірді Скляр.
Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігі бекіткен 2023-2027 жылдарға арналған арнайы жол картасы аясында «Яндекс. Такси» және «InDrive» компанияларымен меморандумдар жасалып, нәтижесінде 70 мыңнан астам оң рөлді көліктің платформаларға кіруіне бұғат қойылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып, заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Жаңа құжатқа сәйкес рөлі ауыстырылған көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салынып, қалааралық тасымалда демалыс режимі қатаң бақылауға алынады және агрегаторлардың тасымалдаушыларды қадағалау міндеті бекітіледі. Үкімет осы жаңашылдықтар арқылы диспетчерлік қызметтерге рұқсат беру тәртібін енгізіп, такси жүйесін жолаушылар үшін барынша ашық әрі қауіпсіз етуді көздеп отыр.
Последние новости