Қазақстанда жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салынбақ
Қазақстанда еңбек қатынастарына қатысты маңызды өзгерістер енгізіліп, қызметкерлердің құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілді, деп хабарлайды Politico.kz
Жаңа заңға сәйкес, енді жұмыс берушілер азаматтарды азаматтық-құқықтық шарт (АҚШ) арқылы жұмысқа қабылдай алмайды. Егер қызметкер нақты қызмет атқарып, ұйымның ішкі тәртібіне бағынса және еңбегі үшін жалақы алса, онда міндетті түрде еңбек шарты рәсімделуі тиіс.
Сондай-ақ заң әлеуметтік қорғау бағытында да бірқатар маңызды нормаларды қамтиды. Енді 14 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ата-аналарды жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Бұл талап қызметкерлерді қысқарту немесе өндіріс көлемінің төмендеуі жағдайында да сақталады.
Бұдан бөлек, еңбек дауларын шешу тәртібі де жетілдірілді. Енді келісім комиссияларының жұмысына тәуелсіз делдал тартуға мүмкіндік бар. Бұл дауларды әділ әрі объективті қарауға жол ашады.
Өндірістегі қауіпсіздік талаптары да күшейтілді. Ереуіл кезінде қауіпті өндіріс орындарында адамдардың өміріне қауіп төндірмеу үшін ең төменгі қажетті жұмыс көлемі қамтамасыз етілуі тиіс.
Сонымен қатар жазатайым оқиғаларды тергеу тәртібі өзгертіліп, комиссия құрамына жәбірленушінің адвокаты, жұбайы немесе заң кеңесшісі қатыса алады. Бұл зардап шеккен тараптың құқықтарын қорғауды күшейтеді.
Жаңа өзгерістердің тағы бірі – жазатайым оқиғалардағы қызметкердің кінәсіне қойылатын шектеу. Енді оның жауапкершілік деңгейі 25%-дан аспауы тиіс. Бұл жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы жауапкершілікті әділ бөлуге бағытталған.
Соңғы жаңалықтар