Қазақстанда жәрдемақы алу үшін жалған жұмысқа орналасу схемалары әшкереленді
Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу үшін жалған еңбек қатынастарын рәсімдеу фактілері анықталды. Тексеру нәтижесінде еліміздің бірқатар өңірінде қылмыстық істер қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) мониторингі барысында кейбір азаматтардың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің талаптарын айналып өтіп, жоғары әлеуметтік төлем алу үшін жалған жұмысқа орналасу схемаларын пайдаланғаны белгілі болды.
Қор мәліметінше, мұндай заңсыз әрекеттерге қатысы бар 258 кәсіпкерлік субъектісі және жалған еңбек қатынастарына тартылған 4,4 мыңнан астам азамат анықталған.
Қазіргі уақытта еліміздің 13 өңірінде 38 қылмыстық іс қозғалған.
Оның ішінде 9 іс бойынша сот үкімі шығып, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 12 ұйымдастырушы кінәлі деп танылған.
Сотталғандарға 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Министрлік цифрландыру әлеуметтік-еңбек саласындағы деректерді нақты уақыт режимінде салыстырып тексеруге және күмәнді операцияларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қазақстандықтарды күмәнді делдалдардың қызметіне жүгінбеуге және әлеуметтік төлемдерді көбейту мақсатында жеке деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге шақырды.
Ведомство мұндай әрекеттер үшін схеманы ұйымдастырушылар ғана емес, заңсыз төлем алған азаматтардың өздері де жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.
Соңғы жаңалықтар