Таиландтан ұшып келген 20 жастағы қазақстандық қыз 16 жылға сотталды

Таиландтан ұшып келген 20 жастағы қазақстандық қыз 16 жылға сотталды
Фото: ашық дереккөз

Астана қаласында Таиландтан аса ірі көлемде есірткі контрабандасын ұйымдастырған екі азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушылардың бірі 16 жылға, екіншісі 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бас көлік прокуратурасының хабарлауынша, елордада есірткі тасымалы мен оның заңсыз айналымына қатысты екі бөлек қылмыстық іс қаралды. Мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қорғады.

20 жастағы қыздың шабаданынан 4,7 кг есірткі табылды

Алғашқы оқиға бойынша 20 жастағы бойжеткен ақшалай сыйақыға бола Таиландтан Қазақстанға ірі көлемде тыйым салынған зат тасымалдауға келіскен. Ол жалпы салмағы 4,7 келі болатын каннабис экстрактын тәттілер ретінде бүркемелеп, екі бірдей шабаданға жасырған. Күдікті елорда әуежайына ұшып келген бойда құрықталып, заңсыз жүк тәркіленді. Сот оны 16 жылға соттау туралы шешім қабылдады.

Екінші дерек бойынша 39 жастағы ер адам 2024 жылдың көктемінде Таиландтан Қазақстанға пошта сәлемдемесі арқылы есірткі жіберуді ұйымдастырған. Ол заңсыз заттарды халық тұтынатын кәдімгі тауарлар ретінде жасырған. Бұған дейін аталған сәлемдемені ел ішінде қабылдап алған үш адам ұсталып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған еді. Ал сәлемдемені жөнелтушіге халықаралық іздеу жарияланып, құрықталғаннан кейін сот алдына келді. Сот үкімімен ол 8 жылға темір торға тоғытылды.

Құзырлы орган сот үкімдерінің әлі заңды күшіне енбегенін нақтылады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу