Қазақстандағы азық-түлік өндірісінің көлемі $7,5 млрд-қа жетті – The World Financial Review

13.08.2026 10:56 Әсел МҰРАТ
Қазақстандағы азық-түлік өндірісінің көлемі $7,5 млрд-қа жетті – The World Financial Review
74
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан – жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрған ел, бұл үлкен артықшылық. Сөз ауыл шаруашылығына жарамды орасан зор аумақтар мен өсімдік шаруашылығын жүргізуге салыстырмалы түрде қолайлы жағдайлар туралы болып отыр. Бұл елге азық-түліктің ірі өндірушісі әрі экспорттаушысы болуға мүмкіндік береді. Алайда Қазақстанның ауыл шаруашылығы экспортының құрылымында дәстүрлі түрде өңделмеген шикізат басым болса, қазір бұл модель өзгеріп келеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттырып, экспорт географиясын кеңейтіп, өнімді өңдеуге инвестиция салып, суару инфрақұрылымын жаңғыртуда. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы бастапқы өндіріс пен шикізат алудан бастап, терең өңдеу және қарқынды дамып келе жатқан нарықтарға шығуға дейінгі бүкіл құн қалыптастыру тізбегін қамтитын күрделі агроазық-түлік жүйесіне біртіндеп айналып келеді.

Бұл өзгеріс әлемдік азық-түлік жүйесінің ауқымды қайта құрылуымен қатар жүріп жатыр. Сондықтан Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі ішкі нарық шеңберінен асып, әлдеқайда кеңеюі мүмкін.

Азық-түлік – жаһандық тұрақтылық мәселесі

Бүгінде әлемдік азық-түлік жүйесі бір мезетте бірнеше сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Халық саны мен тұрғындардың табыс деңгейі өсіп келеді, әсіресе халықтың табыс деңгейі орташа елдерде тұтыну құрылымы өзгеріп, етке, сүт өнімдеріне және ақуыздың басқа да көздеріне сұраныс артып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы климаттық тәуекелдердің, су тапшылығының, ресурстар құнының өсуінің және геосаяси шиеленістен туындаған жеткізу тізбектеріндегі іркілістердің салдарын сезінуде.
2025-2034 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі ЭЫДҰ мен FАО болжамына сәйкес, алдағы онжылдықта ауыл шаруашылығы және балық өнімдерінің әлемдік өндірісі шамамен 14%-ға өседі. Бұл өсімнің едәуір бөлігі, әсіресе тұрғындарының табыс деңгейі орташа елдерде, өнімділіктің артуы есебінен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Алайда тағы бір фактордың маңызы кем түспейді, ол – халықаралық сауда. ЭЫДҰ мен FАО-ның бағалауынша, 2034 жылға қарай әлемде тұтынылатын барлық калорияның шамамен 22%-ы халықаралық шекаралар арқылы өтеді. Басқаша айтқанда, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі өнім артық өндірілетін елдер мен өңірлерде тапшылық туындайтын жерлерге азық-түлікті жеткізу мүмкіндігіне барған сайын тәуелді бола түсуде.

Осы тұрғыда Орталық Азиядағы ең ірі экономика – Қазақстанның рөлі айрықша. 2025 жылы елдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 18,2 млрд доллардан асып, бір жылда 5,9%-ға өсті. 25,9 млн тонна астық жиналды, оның 19,3 млн тоннасы бидай болды.

Бұл ретте Қазақстандағы өсімдік шаруашылығының құрылымы біртіндеп әртараптандырылып келеді.

Соңғы жылдары бидай егістігінің көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарған болса, майлы дақылдар алқабы 1 млн гектардан астамға, ал дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 275 мың гектарға ұлғайды. Бұл тек өндіріс көлемі тұрғысынан ғана маңызды емес: ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлерін кеңейту тамақ өнеркәсібі үшін жаңа шикізат базасын қалыптастырады. Мұндай қайта бағдарлану майлы және дәнді-бұршақты дақылдардың экспорттық және өңдеу мүмкіндіктерінің артуымен де байланысты.

Қазақстанның экспорттық әлеуетін тағы бір маңызды артықшылық – географиялық орналасуы арттырады. Ел Еуразиядағы ең ірі тұтыну нарықтарының арасында орналасқан. Агроазық-түлік секторы үшін бұл Орталық Азия, Қытай, Кавказ, Таяу Шығыс және одан тысқары аймақтардағы бірнеше сұраныс алаңдарына шығуға мүмкіндік береді.

Осылайша, Қазақстанның географиялық орналасуы біртіндеп дәстүрлі шектеуден экономикалық артықшылыққа айналып келеді. Ел азық-түлік өндіріп қана қоймай, өндірушілерді көршілес өңірлердегі қарқынды дамып келе жатқан нарықтармен байланыстыра алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл әлеуетті бірнеше рет атап өткен. 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде ол Қазақстанның жаһандық азық-түлік тапшылығы мәселесін шешу үшін өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға бейілді екенін айтып, елдің астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сенімді жеткізуші санатында әрекет етуге дайын екенін жеткізді.

Шикізат экспортынан қосылған құны жоғары өнім экспортына дейін

Алайда ең маңызды өзгеріс егіс алқаптарында емес, өнім жиналғаннан кейінгі кезеңде жүріп жатыр. ЭЫДҰ-ның 2025 жылғы Қазақстанның аграрлық саясатына жасаған шолуында сектордың құрылымдық ерекшелігі атап өтіледі: тарихи тұрғыдан алғанда, елдің агроазық-түлік экспортының шамамен 60%-ын бастапқы, яғни шикізаттық өнім құраған. Осы ретте Қазақстан әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушылардың бірі болып қала береді.

Бұл экономиканы дамыту үшін айтарлықтай мүмкіндіктер ашады. Логикасы қарапайым. Егер астық негізінен шикізат ретінде экспортталса, оның құнының едәуір бөлігі елден тыс жерде – крахмал, глютен, макарон өнімдері, мал азығы, биоотын және басқа да өнімдерді өндіру барысында қалыптасады. Ал ауыл шаруашылығы шикізаты ел ішінде өңделсе, қосылған құнның, инвестицияның және жұмыс орындарының көбірек бөлігі ұлттық экономика еншісінде қалады.

Сондықтан соңғы жылдары азық-түлік өнімдерін өңдеу Қазақстанның аграрлық саясатының негізгі басым бағыттарының біріне айналды.

Қазақстан Үкіметінің мәліметінше, 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында жалпы құны 230 млн доллар болатын 53 инвестициялық жоба іске қосылды. Азық-түлік өнімдерінің өндіріс көлемі 7,5 млрд долларға жетіп, жылдық мәнде 8,1%-ға өсті.

Динамика 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында жеделдей түсті. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі 2,8 млрд доллардан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4%-ға өсті. Саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар екі еседен астам өсіп, 800 млн доллардан асты.

Экспорт динамикасы одан да айқын. 2026 жылдың алғашқы төрт айында өңделген агроазық-түлік өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетіп, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының жалпы көлемінің 50%-дан астамын құрады. Үкімет бұдан да ауқымды мақсат қойды – өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін арттыру.

Басқаша айтқанда, дамудың өзі өзгеріп келеді. Ендігі міндет – жоғары өнімділік есебінен өндіріс көлемін жай ғана арттыру емес, ауыл шаруашылығы шикізатының әр тоннасынан алынатын экономикалық құнды ұлғайту.

Бұл іс жүзінде қалай жүзеге асады? Қазақстанда қазірдің өзінде айтарлықтай өңдеу базасы бар, ал мемлекеттік саясат өндірістік қуаттарды одан әрі кеңейтуді көздейді. 2028 жылға дейінгі ауыл шаруашылығын дамыту жоспарлары аясында астықты терең өңдейтін жаңа кәсіпорындар құру көзделіп отыр.

Бұл экспорттық модельді де өзгертеді. Бұған дейінгі тізбек салыстырмалы түрде қарапайым болды: егіннен экспортқа дейін. Енді оған қосымша кезеңдер – өңдеу, дайын өнім өндіру, қаптау, маркетинг және логистика қосылады. Соның арқасында ел ішінде қосылған құн едәуір көбірек қалыптасады.

Өнімділіктің осы моделінің қалыптасуына қарай, бұл азық-түлік өндірісінің өсуінен де көрініс тауып отыр, Қазақстан өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өз орнын нығайта түсуде.

Өңірлік азық-түлік қауіпсіздігі

Қазақстанның астық нарығындағы рөлі айқын көрінеді. Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 17 шілдеге дейін Қазақстан астық эквивалентінде 13,5 млн тонна астық пен ұн экспорттады, бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға көп.

Өсімнің негізгі бөлігі көршілес нарықтарға тиесілі болды. Ауғанстанға экспорт 59%-ға өсіп, 2,2 млн тоннаға жетті. Қырғызстанға жеткізілім 504 мың тоннаны құрап, шамамен 40%-ға артты. Түрікменстанға 210 мың тонна өнім экспортталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға көп. Ал Өзбекстанға экспорт 37%-ға өсіп, 5,6 млн тоннаға жетті.

Бұл көрсеткіштер Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторының бүкіл өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесіне барған сайын тереңірек кірігіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл әсіресе Азия үшін маңызды, өйткені мұнда халық саны өсіп, урбандалу үдерісі жеделдеп келеді, ал көптеген елдердің ауыл шаруашылығы жер және су ресурстарына байланысты шектеулерге тап болуда.

Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері 72-ден астам елге экспортталады. Негізгі бағыттардың қатарында Орталық Азия мен Ауғанстаннан бөлек, Еуропалық одақ, Еуразиялық экономикалық одақ, Түркия және Қытай бар. Ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы экспорты екі есеге жуық өсіп, 3,8 млрд доллардан 7 млрд долларға жетті.

Бұл халықаралық сауда азық-түлік қауіпсіздігінің барған сайын маңызды құрамдас бөлігіне айналып келе жатқан ауқымды трансформацияның бір бөлігі. ЭЫДҰ мен FAO өнім артық өңірлерден тапшылыққа ұшыраған аумақтарға азық-түлік жеткізу нарықтарды тұрақтандыруға және жергілікті деңгейдегі жеткізілімдердің үзіліп қалу қаупін азайтуға ықпал етуі мүмкін екенін атап көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан қазірдің өзінде өңірге азық-түлік жеткізетін маңызды қайнар көздердің біріне айналып келеді.

Жаңа ауыл шаруашылығы циклі және жаңа экспорттық модель

Қазіргі азық-түлік секторы, әсіресе оны экспорттық әлеует тұрғысынан қарастыратын болсақ күрделі жүйе. Қазақстан мұндай жүйені қазірдің өзінде қалыптастырып келеді. Оның мақсаты – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен ғана шектелмей, жаһандық азық-түлік тізбектеріне тереңірек кірігу.

Бұл халықаралық сауданың маңызы артып отырған жағдайда аса өзекті. FAO-ның бағалауынша, 2026 жылы әлемдік азық-түлік импортының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,9%-ға өсіп, 2,22 трлн долларға жетеді. Осы жүйеде Қазақстанның алатын орны өндірілетін шикізат көлемімен ғана емес, табиғи және өндірістік артықшылықтарды тұрақты құн қалыптастыру тізбектеріне айналдыра алу қабілетімен де айқындалады.

Үкімет агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бірнеше бағыты бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Біріншісі – фермерлерді заманауи техникамен қамтамасыз ету. Бұған дейін әлемнің жетекші ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілері өз өнімдерін негізінен импорттаса, қазір оның өндірісі Қазақстанда локализацияланып жатыр. Өндірушілер салаға инвестиция сала бастады, бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға және жабдықтарды жаңартуға, сондай-ақ тракторлар мен комбайндар шығаратын жаңа зауыттардың құрылысын жүргізуге мүмкіндік берді.

2019 жылдан бастап Қазақстанда доңғалақты тракторлар, астық және жемшөп жинайтын комбайндар, жаткалар, топырақ өңдеу техникасы, сепкіштер, егіс кешендері және басқа да көптеген техника түрлерінің өндірісі локализацияланды. Мысалы, 2025 жылғы сәуірде америкалық John Deere техникасын өндіру басталды. Компания мен Қазақстан арасындағы ұзақмерзімді өнеркәсіптік ынтымақтастықты нығайтатын құны 2,5 млрд доллар болатын стратегиялық келісімге қол қойылды. 2025 жылы 430 бірлік техника өндірілді.

2026 жылы Еуропа, Канада және Солтүстік Американың тағы бірнеше жетекші әлемдік технология өндірушісі өз өнімдерін локализациялауды бастады. Олардың қатарында Väderstad, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Vervaet, Kuhn Group және Brandt Agricultural Products сынды құрылымдар бар. Нәтижесінде бүгінде Қазақстанда түрлі қуаттағы тракторлар, астық, жемшөп және мақта жинайтын комбайндар шығаратын 10 зауыт жұмыс істейді.

Жалпы, Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі 2025 жылы 22%-ға өсті, ал компаниялар биыл заманауи техниканың 10 мыңға жуық бірлігін шығаруды жоспарлап отыр.

Негізгі бағыт: терең өңдеу және суды үнемдеу

Екінші маңызды бағыты – ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдейтін кәсіпорындар құру. Қазақстанда жалпы қуаты 510 мың тоннадан асатын астық өңдейтін үш кәсіпорын қазірдің өзінде жұмыс істейді. Олар крахмал, биоэтанол және глютен өндіреді. 2029 жылға дейін олардың қатарына жалпы құны 4 млрд доллар болатын тағы алты ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен қосылады.

Атап айтқанда, Астанада Tiryaki Agro компаниясының крахмал, глютен және глюкоза-фруктоза шәрбатын өндіретін кәсіпорын салу жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның құны 320 млн долларға бағаланады. Тағы бір мысал, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған Fufeng Group Company Limited компаниясының зауыты. Ол жылына 3 млн тонна жүгері өңдеуге қауқарлы. Инвестиция көлемі 1,5 млрд долларды құрайды.

Елімізде Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd. және Hopefull Grain & Oil Group компанияларының да инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Олардың құны тиісінше 650 млн және 1,5 млрд долларды құрайды. Бұл кәсіпорындар бидайды өңдеуге маманданады.

Бұл мысалдар ірі компаниялардың Қазақстанға қомақты қаржы салып, елдің өңірдегі аграрлық хабқа айналуына ықпал етіп отырғанын көрсетеді.

Қазақстандық фермерлерді тыңайтқышпен қамтамасыз ету де маңызды мәселелердің бірі. Елімізде құны бірнеше млрд доллар болатын заманауи кәсіпорындар салынуда. 2027 жылға қарай Qazaq Kalium Ltd. қуаты 1 млн тонна калий тыңайтқыштарын өндірудің бірінші кезеңін іске қосады, ал 2035 жылға қарай өндіріс көлемін 12 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Қазақстанның тыңайтқыштың бұл түріне ішкі сұранысы шамамен 100 мың тоннаны құрайтындықтан, ел ірі әлемдік экспорттаушыға айнала алады.

Сонымен қатар карбамидке деген қажеттілік 2029-2030 жылдары үш ірі кешен іске қосылғаннан кейін қамтамасыз етіледі. Олардың қатарында қуаты 800 мың тонна болатын KMG PetroChem, қуаты 700 мың тоннаға жетені Qazesta Fertilizers Ltd., сондай-ақ 577 мың тонна карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын өндіретін KazAzot PRIME бар. Сонымен қатар Kazphosphate SINOPEC және CNCEC компанияларымен бірлесіп, фосфор тыңайтқыштарын өндіру қуатын 5 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Қуаты 1 млн тонна аммофос өндіретін бірінші кезеңді 2029 жылы іске қосу жоспарланған.

Осылайша, 2030 жылға қарай Қазақстан тыңайтқыштардың негізгі түрлеріне деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық нарықтарға да шығады.
Сонымен қатар климаттың өзгеруіне бейімделу маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Еліміздегі су ресурстарын тұтынудың шамамен 60%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі, сондықтан дәл осы салада суды үнемдейтін заманауи технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Бұл саланың климаттық өзгерістерге төтеп беру бағытындағы әлеуетін едәуір арттырады.
Қазақстан фермерлерді суды үнемдеуге және сонымен қатар өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретін заманауи суару әдістерін пайдалануға ынталандыратын кешенді шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, мемлекет фермерлердің қажетті инфрақұрылымды салуға, жаңбырлатып суару машиналарын, тамшылатып суару жүйелерін және басқа да заманауи жабдықтарды сатып алуға әрі орнатуға жұмсайтын шығындарын өтейді.

Бұл шаралар қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр. 2025 жылдың соңына қарай суды үнемдейтін технологиялар қамтыған жер көлемі 543 мың гектарға жетті. 2026 жылы мұндай технологиялар тағы 163 мың гектар жерге енгізіледі. Суды үнемдейтін технологияларды кезең-кезеңімен енгізу жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін суды үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Жер ресурстарын тиімді пайдалану суды үнемдеуге және өнімділікті арттыруға жол ашады.

Осылайша, Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіру тиімділігін жүйелі түрде арттырып, жаңа технологияларды енгізіп және өндіріс көлемін ұлғайта отырып, әлемдік азық-түлік жүйесіндегі рөлін нығайта береді. Ел Еуразияның ірі агроазық-түлік хабы ретінде қалыптасып келеді, ал мұндай модель Қазақстан ауыл шаруашылығы дамуының алғышартына айналуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий