Қазақстандағы ең озық балалар ауруханалары мен перзентханалар тізімі

19.06.2026 11:21 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстандағы ең озық балалар ауруханалары мен перзентханалар тізімі
171
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі ең үздік перзентханалар мен балалар ауруханаларының тізімін жариялады. Марапаттау рәсімі Медицина қызметкері күніне орай Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы төрінде өтті. Ведомство бұл шараның ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жетекші орталықтарды қолдау мақсатында ұйымдастырылғанын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Байқау нәтижесі бойынша "Беделді перзентхана" атағын қазақстандық үш медициналық ұйым жеңіп алды. Біріншісі елордалық "Астана қаласы әкімдігінің №2 көпбейінді қалалық ауруханасы" болып танылды. Мекеме өкілі Ғалым Әміржанұлы бұл орталықтың жүкті әйелдер мен нәрестелерге жоғары технологиялық көмек көрсететінін атап өтті.

Келесі марапат "Түркістан облысының №1 облыстық перинаталдық орталығы" ұжымына бұйырды. Ұйым атынан барған Салтанат Усадуллақызы орталықтың күрделі жағдайдағы пациенттерге арнайы көмек ұсынатынын айтты.

Ал үшінші жеңімпаз атанған "Қызылорда облысының Облыстық перинаталдық орталығы" босандыру мен жаңа туған сәбилерді күтудің заманауи тәсілдерін сәтті енгізіп жатыр, бұл мекемені байқауда Жаңыл Исақызы таныстырды.

Сонымен қатар еліміздің үш жетекші ұйымы "Беделді балалар ауруханасы" номинациясын иеленді. Олардың қатарында Алмат Мейірбекұлы Байсалов таныстырған "Түркістан облысының Қалалық балалар ауруханасы" бар. Бұл мекеме аймақтағы балаларға көмек көрсететін ең ірі педиатриялық орталықтардың бірі болып есептеледі.

Сонымен бірге сарапшылар Марат Рабандиярұлы Рабандияров басқаратын "Алматы қаласындағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы" қызметін жоғары бағалады. Бұл стационар кішкентай пациенттерге өте ауқымды медициналық көмек түрлерін көрсетеді.

Үшінші марапатқа Марат Қарсыбекұлы Абдуов жетекшілік ететін "Астана қаласы әкімдігінің №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы" лайық деп табылды.

"Ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы жоғары нәтижелердің негізінде медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі, заманауи технологиялар және денсаулық сақтау жүйесін үздіксіз жетілдіру жатыр. Бүгін біз болашақ ұрпақтың денсаулығына күн сайын қамқорлық жасап жүрген ұжымдардың еңбегін атап өтеміз", – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ана мен бала денсаулығын қорғау мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып қала береді. Еліміздің барлық аймақтарынан келген дәрігерлер бас қосқан бұл жиын саланы жаңғырту мен халықаралық стандарттарды енгізудің маңыздылығын көрсетті. Осы жүйелі жұмыстардың арқасында медициналық көрсеткіштер тұрақты түрде жақсарып келеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий