Қазақстандықтар триллион теңгені байланысқа жұмсаған
Биылғы жылдың он айында Қазақстанның байланыс саласы қарқынды өсім көрсетіп, нарық көлемі 1,22 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы EconomyKZ.org порталының сарапшысы Сұлтан Уәлиханов мәлімдеді, деп жазады Politico.kz.
Сарапшының пайымдауынша, бұл саланы алға сүйреп келе жатқан негізгі күш — интернет. Байланыс нарығы қазіргі таңда сандық көрсеткіштен сапалық деңгейге өтіп, пісіп-жетілген шаққа аяқ басқан. Мұны нақты көлем индексінің 104 пайызға жеткенінен байқауға болады.
Бір қызығы, қазақстандықтар дәстүрлі телефон қоңырауларынан біртіндеп бас тартып келеді. Ұялы байланыс арқылы сөйлесу көрсеткіші небәрі 100,4 пайызды құрап, іс жүзінде бір орында тұрып қалған. Есесіне, ғаламтор қызметтерінің өсімі 114,1 пайызға дейін шарықтап кеткен. Бұл халықтың дауыстық хабарламадан гөрі, деректерді алмасуға, яғни мессенджерлер мен әлеуметтік желілерге толықтай көшкенін аңғартады.
Қазіргі таңда елімізде 27,3 миллион мобильді абонент тіркелген. Бұл көрсеткіштің республика халқының санынан асып түсуі таңғалдырмайды: бір адамда бірнеше SIM-картаның болуы және корпоративтік нөмірлердің көптігі осыған себеп. Оның ішінде 19,3 миллион қолданушы ұялы телефон арқылы интернетті белсенді пайдаланады. Ал үй телефондарының дәурені өтіп бара жатқаны анық байқалады, стационарлық желіні қолданушылар қатары 2,22 миллионға дейін сиреген.
Өңірлер арасындағы алшақтық та көзге ұрып тұр. Байланыс нарығының "қаймағын" екі мегаполис қалқып отыр. Алматы қаласы 661,8 миллиард теңгемен көш бастаса, Астана 326,8 миллиард теңге көрсеткішпен екінші орында. Бұл ірі байланыс операторларының бас кеңселерінің осы қалаларда шоғырлануымен түсіндіріледі. Ал өндірісі өркендеген Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе облыстарында цифрландырудың арқасында тұрақты өсім байқалады.
Пошта және курьерлік қызметтерге келсек, мұнда жағдай сәл өзгешерек. Пандемия кезіндегі дүрбелең басылып, сала қалыпты арнасына түскен. Нақты қызмет көрсету көлемі бәсеңдегенімен (100,9%), қызмет құнының қымбаттауы есебінен ақшалай табыс 70,8 миллиард теңгеге жеткен. E-commerce нарығы тұрақтанып, логистикалық компаниялар енді санына емес, сапасына жұмыс істеуге көшкен сыңайлы.
2025 жылдың басты қорытындысы сол — интернет енді жай ғана байланыс құралы емес, экономиканың күретамырына айналды. Алдағы уақытта бұл нарық деректерді тасымалдау жылдамдығын арттыру және шалғай аймақтарға инфрақұрылым тарту арқылы дамымақ.
Соңғы жаңалықтар