Қазақстандықтардың атына заңсыз 2 млрд теңге несие рәсімдегендерге үкім шықты
Ақмола облысында 2 млрд теңгеге жуық заңсыз несие рәсімдеген қылмыстық топ сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақмола облысында азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдаланып, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы шамамен 2 млрд теңге көлемінде несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты.
Істі арнайы прокурорлар тергеген. Тергеу барысында 21 күдіктінің азаматтарды алдап, олардың жеке мәліметтерін пайдалану арқылы заңсыз несие рәсімдегені анықталған. Соның салдарынан келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 2 млрд теңгені құраған.
5 тамыз күні сот барлық айыпталушыны кінәлі деп танып, оларды 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырды.
Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Оның ішінде Алматы қаласындағы пәтерлер, Lexus LX 570, Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry және басқа да қымбат автокөліктер бар.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар