Қазақстандықтарға автонесие алу жеңілдеуі мүмкін
Қазақстанда автонесие рәсімдеу талаптарын жеңілдету мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі азаматтардың көлікті несиеге алуын жеңілдету үшін автонесиелерге қатысты қарыз жүктемесі коэффициентін (ҚЖК) алып тастау мүмкіндігін ұсынған болатын. Сонымен қатар жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту бастамасы да көтерілді.
Алайда Тимур Сүлейменов автонесие нарығының соңғы жылдары өте қарқынды өсіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, автонесиелер портфелі жыл сайын шамамен 60 пайызға ұлғайып келеді. Бірақ сонымен бірге мерзімі кешіктірілген және проблемалы несиелердің үлесі де артып жатыр.
Ұлттық банк басшысы табысы ескерілмей берілген автонесие азаматтарды қаржылық қиындыққа әкелуі мүмкін екенін ескертті. Егер қарыз алушы төлем жасай алмай қалса, банк көлікті қайтарып алғанның өзінде, қалған берешек толық жабылмауы ықтимал. Мұндай жағдайда азамат көліктен айырылып қана қоймай, банк алдындағы қарызын өтеуді жалғастырады.
Сүлейменовтің айтуынша, осы тәуекелдердің алдын алу үшін қарыз жүктемесі коэффициенті қолданылады. Бұл тетік азаматтардың шамадан тыс несие алуына жол бермеуге бағытталған.
Сонымен қатар ол автонесиеге қатысты жеңілдетілген талаптар отандық автонарықты қолдау мақсатында уақытша енгізілгенін айтты. Қазіргі жоспар бойынша бұл жеңілдіктерді қайта қарау 2027 жылдың 1 қаңтарынан басталуы мүмкін. Дегенмен түпкілікті шешім несие сапасы мен нарықтағы жағдайға байланысты қабылданады.
Соңғы жаңалықтар