Қазақстандықтарға зейнетақы қорындағы жинақтарының 100%-ын аударуға рұқсат етіледі
Қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтарының 100%-ға дейінгі бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға бере алады, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлеуметтік кодекске енгізілген түзетулер күшіне енгеннен кейін жаңа ережелер 2026 жылдың 7 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Осы уақытқа дейін салымшылар міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражаттың 50%-ын, ал ерікті жарналар бойынша 100%-ға дейінгі бөлігін ғана жеке компанияларға сеніп тапсыра алатын еді. Енді азаматтар өз жинақтарын толық бақылауға мүмкіндік алады. Олар басқарушы компанияны, инвестициялық стратегияны және берілетін қаражат көлемін өз бетінше таңдай алады.
Бұл мүмкіндік міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылатын азаматтарға да қатысты. Әрбір ИПБ салымшыларға консервативті, орташа және тәуекелді деп бөлінетін үш түрлі инвестициялық портфель ұсына алады.
Табыстылықты салыстыру үшін БЖЗҚ invest.enpf.kz платформасын іске қосты. Салымшылар онда Ұлттық банк пен жеке компаниялардың басқару нәтижелерін бақылай алады. Переводқа өтінімді БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе кез келген бөлімшеде беруге болады. Қаражатты беру процесі 30 күнтізбелік күнге дейін уақыт алады.
Жеке компанияға берілген қаражатты басқа ИПБ-ға ауыстыру немесе Ұлттық банкке қайтару қаражат аударылған күннен бастап бір жылдан кейін өтінім беру арқылы жүзеге асады.
Егер компанияның инвестициялық табыстылығы белгіленген эталондық көрсеткіштен төмен болса, ол айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті. Зейнетақы жинақтарын цифрлық және криптоактивтерге салуға заң жүзінде тыйым салынған.
Қазіргі уақытта бұл нарықта Alatau City Invest, BCC Invest, Halyk Global Markets, Halyk Finance, "Сентрас Секьюритиз" және Tansar Capital сияқты 6 компания жұмыс істейді. Егер компания лицензиясынан айырылса, жинақтар автоматты түрде Ұлттық банктің басқаруына қайтарылады.
Соңғы жаңалықтар