Қазақстанға вице-президент не үшін қажет – саясаттанушы түсіндіріп берді
Вице-президент лауазымын енгізу, Парламентті бірпалаталы жүйеге көшіру және қоғамдық институттардың маңызын қайта қарау — мемлекет басқарудың анағұрлым орнықты әрі тиімді үлгісін қалыптастыруға бағытталған қадам. Бұл туралы саясаттанушы Айдар Әмребаев айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында мемлекет басшысы елдің саяси жүйесін жаңғыртуға арналған кең ауқымды реформалар туралы мәлімдеді. Саясаттанушы Айдар Әмребаев бұл бастамалардың Қазақстанның болашағы үшін маңызы на тоқталып өтті.
«Бұл өзгерістердің маңызы айрықша, себебі олар мемлекеттің басқару жүйесіне ұзақ мерзімді перспектива тұрғысында ықпал етеді. Қазіргі әлем түбегейлі өзгерістер кезеңіне аяқ басты: жаһандық тәртіп қайта қалыптасып, тіпті демократиялық дәстүрі берік елдердің өзі басқару тетіктерін қайта қарап жатыр. Осындай жағдайда Қазақстан да заман талабына сай, икемді әрі серпінді саяси модель құруға бет бұрды», - дейді ол.
Кешегі құрылтайдағы ең басты жаңалықтардың бірі – вице-президент лауазымының енгізілетіні туралы хабар. Саясаттанушы бұл лауазым саяси жүйенің тұрақтылығын нығайтуға қалай әсер етуі мүмкін екенін айтып берді.
«Президент вице-президенттің Мемлекет басшысымен бірлесіп жұмыс істейтінін және оның тапсырмаларын орындайтынын нақты айтты. Яғни бұл қызмет президенттік басқару жүйесінің құрамдас бөлігі болады. Мұндай тәжірибе бірқатар елдерде бар. Мәселен, АҚШ-та президент пен вице-президент бір команда ретінде сайланып, ортақ бағдарламаны жүзеге асырады. Міндеттер де өзара бөлінуі мүмкін: Президент стратегиялық және сыртқы саясатқа назар аударса, вице-президент ішкі саясатқа, әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық мәселелерге, сондай-ақ қоғаммен байланысқа жауапты бола алады», - деді саясаттанушы.
Әмребаев заң шығару билігінде қандай өзгерістер болатынына да тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысы Парламентті реформалау мәселесін көтеріп, екіпалаталы құрылымнан бірпалаталы жүйеге көшуді ұсынды. Сонымен қатар заң шығару органына ұлттық саяси дәстүрімізге жақын «Құрылтай» атауын беру көзделіп отыр. Бұған қоса, Қоғамдық кеңесті — Халық кеңесін ресми институт ретінде қалыптастыру жоспарлануда», - деді ол.
Саясаттанушының айтуынша, бұл форматтар бұған дейін тәжірибеде қолданылған.
«Мұндай тәжірибе бар. 2019 жылдан бастап Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, кейін Ұлттық құрылтай жұмыс істеді. Олардың құрамында қоғам белсенділері, сарапшылар, сондай-ақ әртүрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардың өкілдері болды. Бұл алаңдар қоғамды толғандырған маңызды мәселелерді ашық талқылауға және заңнаманы азаматтардың нақты сұранысына бейімдеуге мүмкіндік берді», - деп атап өтті саясаттанушы.
Әмребаев бұл жағдайда Парламенттің рөлі қалай өзгеруі тиіс деген мәселеге де тоқталды.
«Парламенттің негізгі міндеті — сапалы заң қабылдау. Депутаттар заңнаманы әзірлеуге терең әрі жүйелі түрде көңіл бөлуі тиіс. Қазір олардан түрлі ақпараттық оқиғаларға, мәлімдемелер мен жанжалдарға жедел реакция күтіледі, бұл басты қызметтен алаңдатады. Ал мұндай мәселелерге қоғамдық пікір көшбасшылары мен сарапшылар үн қата алады. Депутаттардың басты жауапкершілігі — заң сапасы», - деді ол.
Саясаттанушы 145 депутат пен сегіз комитеттен тұратын бірпалаталы Парламентте мүдделер тепе-теңдігі қалай қамтамасыз етілетірнін айтты.
«Сан жағынан бұл құрылым тиімді көрінеді. Алайда Парламенттің беделі депутаттардың санына емес, нақты саяси бәсекелестікке байланысты. Президент ұсынған «күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидатын жүзеге асыру үшін партиялық жүйені дамыту қажет. Осы орайда сайлау және партиялық заңнамаға өзгерістер енгізіп, жаңа партиялардың құрылуына жол ашу маңызды. Парламентте ел дамуына қатысты түрлі көзқарастар мен бағдарламалар ұсынылуы тиіс. Депутаттар корпусының сапасы қоғам сеніміне ие болуы қажет», - дейді саясаттанушы.
Ол жаңа институттар азаматтардың билікке деген сеніміне және демократиялық тәжірибелердің дамуына қалай әсер етуі мүмкін екенін болжап көрді.
« Сенім — біржақты емес, екі тараптың да жауапкершілігін талап ететін үдеріс. Мемлекет қоғам сеніміне лайық болуы керек, ал азаматтар белсенділік танытып, ел тағдырына бейжай қарамауы тиіс. Ауқымды реформалар — азаматтық қоғамға бағытталған үндеу. Бұл — бастама көтеруге, пікір алмасуға және Қазақстанның болашағын бірлесе қалыптастыруға шақыру. Президенттің басты ойы да — осы», - деп сөзін түйіндеді сарапшы.
Соңғы жаңалықтар