Қазақстаннан депортацияланған айтишник Ресейде қамауға алынды

02.02.2026 10:58 Арман Ермеков
Қазақстаннан депортацияланған айтишник Ресейде қамауға алынды
415
Фото: depositphotos.com

Алматыда тұрып келген IT маманы Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарылып, Ресейге барған сәтінде қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Первый отдел» жобасының мәліметінше, OpenAI компаниясымен жұмыс істеген 25 жастағы бағдарламашы әкімшілік заң бұзушылықтарға байланысты Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарылды. Оны Ресейге ұшып барған сәтінде мемлекеттік опасыздық ісі бойынша тұтқындады.

Александр Качкуркин Қырымда туып өскен және Украина азаматы болып саналады. 2014 жылғы аннексиядан кейін оған Ресей азаматтығы мәжбүрлі түрде берілген екен. Саяси себептерге байланысты ол Қазақстанға қоныс аудару туралы шешім қабылдаған.

IT саласында DevOps-инженер және әзірлеуші қызметін атқарған маман соңғы жылдары Алматыда тұрып келді. Таныстарының айтуынша ол ұсталғанға дейін бірнеше жобамен айналысқан және GPT тілдік модельдерін әзірлеуші америкалық OpenAI коммерциялық емес ұйымымен ынтымақтастықта жұмыс істеген.

«Первый отдел» жобасының қолына түскен құжаттарға сәйкес Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Ахановтың 2026 жылғы 28 қаңтардағы өтініші іске негіз болған. Качкуркин жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтті және жабық ғимаратта қорқор шекті деген екі эпизод бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Первый отдел» жобасы бұл хаттамалардың қолдан жасалғанын хабарлайды.

Полиция аталған хаттамаларға сүйене отырып соттан бағдарламашыны елден шығаруды талап еткен. Тәртіп сақшылары мұны Қазақстан Республикасының заңдары мен егемендігін құрметтемеу деп бағалап, құқық бұзушылықтың алдын алу қажеттігімен түсіндірді.

Шешім шығарылған соң оны шұғыл түрде Ресейге депортациялады. Хаттама толтыру мен сотқа жүгіну және елден шығару рәсімі небәрі бірнеше сағатқа ғана созылған. Әдетте мұндай процедуралар апталарға немесе кейде айларға созылатыны белгілі.

Ұшақ жерге қонған бойда Качкуркинді борт ішінде ұстап, сотқа жеткізді және қамауға алды. Ресейде оған Украинаға ақша аударғаны үшін мемлекеттік опасыздық жасады деген айып тағылып отыр. РФ Қылмыстық кодексінің 275-бабы бойынша Александр 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий