Қазақстанның тағы екі өңірінде мектеп оқушылары қашықтан оқытуға көшірілді

19.11.2025 08:35 Мөлдір Талғат
Қазақстанның тағы екі өңірінде мектеп оқушылары қашықтан оқытуға көшірілді
0
183
Фото: Depositphotos.com

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында оқушылардың жаппай ауруына байланысты және ЖРВИ-дің алдын алу мақсатында мектептерде қашықтан оқу енгізілуде, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

"Устинка LIVE" мәліметінше, ШҚО-да 23 жалпы білім беретін мектептің 169 сыныбындағы 3015 оқушы уақытша үйден оқитын болды. Бұл туралы облыстық білім басқармасы хабарлады.

Қашықтан оқыту оқушылардың 30 пайыздан астамы ауру себепті сабаққа қатыспай қалған сыныптарда ұйымдастырылған:

  • Өскемен қаласының 18 мектебінде;
  • Күршім ауданының 3 мектебінде;
  • Ұлан ауданының 2 мектебінде.

Білім басқармасы қашықтан оқыту талаптары толық сақтала отырып, оқу процесі толық көлемде жалғасатынын атап өтті.

Абай облысында да эпидемиологиялық жағдай бойынша штаб отырысының нәтижесінде бірқатар оқушыны қашықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылданған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабековтың айтуынша, оқу жылы басталғалы 5558 оқушы ЖРВИ жұқтырған, бұл – жалпы науқастардың 17,2 пайызы. Сондай-ақ өңірде тұмаудың 25 жағдайы тіркелген.

"ЖРВИ 20–30% оқушы тіркелген сыныптарда жалпы білім беретін ұйымдарда аралас оқыту форматы енгізіледі", – делінген хабарламада. Дегенмен қашықтан оқытуға нақты қанша сыныптың көшірілгені көрсетілмеген.

Ата-аналарға температурасы бар немесе толық жазылып үлгермеген балаларды мектепке және балабақшаға жібермеу ұсынылды. Сонымен қатар қоғамдық көлікте және адамдар көп жиналатын орындарда маска тағу қажеттігі ескертілді.

Бұған дейін Қостанай облысының бір ауданында ЖРВИ таралуына байланысты 70-тен астам сынып қашықтан оқытуға көшірілген еді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий